
Аудандық білім бөлімдерін әкімдіктерге қайта бағындыруға қарсылық білдірген мұғалімдер қауымдастығы мен білім сарапшылары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Үндеуге не түрткі болды
Педагогтар мен білім саласының сарапшылары Мәжіліс мақұлдаған заң жобасындағы аудандық білім бөлімдерін қайтадан аудан әкімдіктерінің қарамағына беру нормасына байланысты алаңдап отыр. Бұл өзгеріс 2021 жылы енгізілген. Олар білім беруді басқарудың кәсіби вертикалды моделін жойып, мектептерді қайтадан жергілікті атқарушы биліктің әкімшілік-шаруашылық ықпалына тәуелді етеді деп санайды.
“Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) қағидаттары бойынша білім беру жүйесі саяси және жергілікті шаруашылық қысымнан тәуелсіз болуы тиіс. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, білім сапасының өсуі кәсіби, орталықтандырылған вертикалды басқарумен тікелей байланысты. Ал жергілікті әкімдікке бағындыру мектепті саяси науқандар мен шаруашылық жұмыстардың құралына айналдыру тәуекелін тудырады. Бұл «деполитизация» қағидатына қайшы. Сонымен қатар, қайта орталықсыздандыру бірыңғай стандарттарды әлсіретіп, аймақтық теңсіздікті күшейтуі мүмкін. Ұсынылып отырған норма Қазақстанның OECD стандарттарына ұмтылысына қайшы келеді”, – дейді ұстаздар.
Сарапшылар қауіпті неден көреді?
Үндеу жасаған азаматтар 2021 жылғы реформаның басты мақсаты мектепті әкімшілік қысымнан азат ету болатынын айтып, қазіргі ұсыныс келесі жүйелік тәуекелдерді тудыратынын атап өтеді: мұғалім мәртебесінің құнсыздануы, педагогтарды сабақ кезінде сенбілік, санақ, көше сыпыру, сайлау науқаны сияқты кәсіби қызметтен тыс жұмыстарға қайта тарту, газет-журналдарға қайтадан мәжбүрлеп жаздыру қаупі бар.
“Біз “Таза Қазақстан” саясатына қарсы емеспіз, біз сабақты мәжбүрлеп үзуге қарсымыз. Педагогтарды жұмыс уақытында да, жұмыс уақытынан тыс та қосымша жұмыстарға тарту олардың мәртебесінің құнсыздануына және кадр тапшылығының одан әрі күшеюіне әкеледі. Бұл «Педагог мәртебесі туралы» Заңның іс жүзінде орындалуына кедергі келтіреді. Конституциялық құқықтардың бұзылуы: Бұл жағдай мұғалім мамандығын таңдаған және таңдауды жоспарлап жүрген азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына әкеледі. Себебі ешбір сала мектеп сияқты жергілікті әкімдікке мұндай деңгейде тәуелді болмайды. Кәсіби қызметтің еркіндігі мен тең еңбек жағдайларына кепілдік принципі бұзылады. Бағалауға қысымның артуы: Оқушылардың жетістіктерін бағалау мәселесінде мұғалімдерге түсетін қысым артады. Мұғалімдер қайтадан әкімдік қызметкерлерінің туыстарына жоғары баға қоюға мәжбүр болуы мүмкін.
Ұлттық жобалардың тиімділігі төмендейді: «Жайлы мектеп» сияқты инфрақұрылымдық жобалар ескі, бюрократтық басқару жүйесіне тәуелді болады. Нәтижесінде қаражаттың мақсатты жұмсалуына бақылау әлсірейді. Кадрлық саясаттағы регресс: Директорлар мен меңгерушілерді тағайындауда «тамыр-таныстық» факторының күшею қаупі бар. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің артуына және ашықтықтың төмендеуіне әкеледі”, – дейді олар.
Ұстаздар Президенттен не сұрайды
“Педагог мәртебесі туралы” заңның аймақтағы ықпалы, білім беру Конституцияда бекітілген стратегиялық бағыт екенін айта келе ұстаздар Мәжіліс мақұлдаған норма Конституцияның 3-бабына, 2019 жылғы «Педагог мәртебесі туралы» Заңның негізгі идеясына және азаматтардың конституциялық құқықтарына қайшы келеді деп есептейді.
“Сізден сұраймыз: Парламент мақұлдаған заң жобасындағы білім бөлімдерін әкімдіктерге беру туралы тармаққа вето қоюыңызды;
Білім беруді басқарудың қазіргі кәсіби вертикалды жүйесін сақтап қалуды қамтамасыз етуіңізді;
Мұғалімдерді кәсіби емес жұмыстарға тартуға толық тыйым салу жөніндегі саясатты заңнамалық деңгейде күшейтуді тапсыруыңызды;
Қазақстанның Орталық Азиядағы білім реформалары бойынша көшбасшы рөлін сақтап қалу үшін ұстаз мәртебесін қорғау бағытын жалғастыруыңызды”, – делінген үндеуде.
Білім сарапшылары осы үндеуді epetition.kz ресми платформасында жариялап, педагогтар мен ата-аналар қауымдастығының қолын жинауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, мәселеге бей-жай қарамайтын ұстаздарды бастамашылар үн қосуға шақырды.
Айта кетейік, өткен аптада Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков білім саласының бюджетін облыстық деңгейден қайтадан аудандық деңгейге қайтару туралы депутаттар ұсынған түзетулерге Үкімет толықтай қолдау білдіріп отырғанын мәлімдеген еді. Осыған сәйкес білім саласының шығындары облыстақ бюджеттен аудандық бюджетке қайтару керек деген ұйғарым қалыптасқан. Осы норманы депутаттардың 83-і қолдап, тек біреуі қарсы дауыс қалдырды.