Мектептерде Конституция туралы жаңа пәндер енгізіледі
Қазақстан мектептерінде Конституция негіздерін оқытуға бағытталған жаңа пәндер пайда болады, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Informburo-ға сілтеме жасап.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, ел мектептерінде Конституцияға арналған бірнеше элективті курс енгізу жоспарланып отыр.
Атап айтқанда, 5-7 сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері», ал 8–9 сыныптарға «Заң және тәртіп» курстары әзірленіп жатыр. Жаңа пәндерді тарих және құқық бағытындағы мұғалімдер жүргізеді.
Министрлік бұл өзгерістер оқушылардың жүктемесін арттырмайтынын атап өтті. Яғни, қосымша сабақ енгізілмейді, тек қолданыстағы пәндердің мазмұны жаңартылады.
«Бастауыш және негізгі орта білімге арналған үлгілік оқу жоспарларына оқу жүктемесінің шекті көлемі сақтала отырып өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер рұқсат етілген ең жоғары жүктемені арттырмай іске асырылады. Жаңартулардың негізгі мақсаты – білім беру мазмұнын жетілдіру және оқушылардың негізгі құзыреттерін дамыту», – деп мәлімдеді министрлік.
Еске салсақ, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп бағдарламасына өзгерістер енгізілетінін мәлімдеген еді.