Мектеп оқулықтарында Астана әлі «Нұр-Сұлтан» деп жазылып тұр: ол қашан түзеледі
Қазақстандағы кейбір мектеп оқулықтарында елорданың бұрынғы «Нұр-Сұлтан» атауы әлі күнге дейін кездеседі. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бұл қателіктің қашан түзетілетінін және оған кім жауапты екенін түсіндірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Оқулықтардағы ескі атау қашан түзетіледі
Министрдің айтуынша, мектеп оқулықтарындағы елорданың бұрынғы атауын жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Бұл үшін баспалардың арнайы жоспары бекітілген.
«Негізі олардың өздерінің нақты белгіленген жоспары бар. Бірақ әрбір осындай қателік жіберген баспа өзінің қаражатымен кезең-кезеңімен өзгертіп жатыр. Бірінші тоқсанның аяғына дейін уақыт бергенбіз», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Астана атауы тағы өзгере ме
Оқу-ағарту министрі елорда атауының болашағына қатысты да пікір білдірді.
«Астана қаласының атауы тағы өзгере ме деп ойлайтындарға жауап: Астана қаласының атауы «Астана» болып қалады», – деді министр.
Еске салайық, 2019 жылы Қазақстан астанасының атауы Нұр-Сұлтан болып өзгертілген еді. Алайда 2022 жылғы қыркүйекте елордаға тарихи Астана атауы қайтарылды. Соған қарамастан, кейбір мектеп оқулықтарында қаланың бұрынғы атауы сақталып қалған. Енді баспалар бұл сәйкессіздікті белгіленген мерзімде өз қаражатына түзетуі тиіс.