Мектеп ауласында серуендеуге бола ма – министрлік нақты жауап берді
Бүгінде отбасы мүшелерімен бірге кешқұрым мектеп ауласында жиі серуендейтіндер көп. Бұл қаншалықты дұрыс және онда балалармен серуендеуге рұқсат етіле ме? Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің Nofake сайтына берген жауабында айтылған.
Тұрғындардың шағымы
Бұл мәселе астаналық тұрғынның шағымынан кейін көтерілген. Оның айтуынша, отбасы мүшелерімен бірге үйінің жанындағы мектеп ауласында жиі барады. Алайда мектеп күзетшілері аумақта жүруге болмайтынын айтып, сыртқа шығуды талап етеді.
Министрлік не дейді
Оқу-ағарту министрлігінің түсіндіруінше, «Білім туралы» заңға сәйкес білім беру ұйымының басшысы оқушылардың, тәрбиеленушілердің және қызметкерлердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.
«Сонымен қатар, ҚР Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 30 наурыздағы № 117 бұйрығымен бекітілген «ҚР білім беру саласында қызметті жүзеге асыратын терроризм тұрғысынан осал объектілерінің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулыққа» сәйкес білім беру ұйымдарында өткізу және объектішілік режим ұйымдастырылады. Осыған сәйкес білім беру ұйымының аумағына адамдардың кіруі белгіленген өткізу режиміне сәйкес жүзеге асырылады», – деп түсіндірді.
Министрлік қолданыстағы заңнамада мектеп аулалары азаматтардың еркін серуендейтін қоғамдық орын ретінде қарастырылмағанын атап өтті.
«Мектеп аумағының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өткізу және объектішілік режимді ұйымдастыру – білім беру ұйымының басшысының жауапкершілігі», – делінген министрлік жауабында.
Осылайша, мектеп аумағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өткізу режимін ұйымдастыру білім беру ұйымы басшысының тікелей жауапкершілігі болып қала береді.