Қазақстанның ғалымы, PhD дәрежесі бар жапонтанушы әрі Жапониядағы университеттердің бірінде ғылыми қызметкер болып жүрген Олжас Қуанбай 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысты тың архивтік құжаттар тапқанын мәлімдеді. Жапония Сыртқы істер министрлігінің архивінде сақталған материалдарда Алматыдағы тарихи оқиғалардың шетелдік дипломаттар мен журналистерге қалай жеткені баяндалған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ғалымның айтуынша, жапон тіліндегі құжаттарда Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың қызметінен босатылып, оның орнына Геннадий Колбиннің тағайындалуы, сондай-ақ бұл шешімге қарсы Алматы жастарының наразылығы туралы мәліметтер кездеседі.
Жапон дипломаттары Желтоқсан оқиғасын қалай бағалаған
Олжас Қуанбай жариялаған мәліметтерге сәйкес, архивтік материалдарда 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда Алматыда болған толқулар туралы сол кездегі кеңестік ақпарат құралдарының хабарламалары келтірілген. Атап айтқанда, 18 желтоқсанда эфирге шыққан «Время» телебағдарламасы мен ТАСС ақпарат агенттігінің хабарларына сілтеме жасалған. Онда Қазақстан астанасы Алматыда жастардың наразылық шеруіне шыққаны айтылған. Кеңестік ақпарат көздері шеруге қатысушыларды «ұлтшыл көзқарастағы жастар тобы» деп сипаттаған. Құжаттарда олардың Қазақстан компартиясы орталық комитетінің кадрлық шешіміне қарсылық білдіргені баяндалады.
Сондай-ақ зауыттарда, жоғары оқу орындарында, еңбек ұжымдары мен қала аудандарында жиналыстар өткізіліп, партия басшылығының шешімі қолдау тапқаны, ал жастардың әрекеті қатаң айыпталғаны жөнінде мәліметтер бар. Бұл деректер сол кезеңдегі кеңестік биліктің Желтоқсан оқиғасын ресми ақпарат құралдары арқылы қалай түсіндіргенін көрсетеді. Алайда олардың Жапония архивінде сақталуы тарихи оқиғаның шетелдік ақпарат кеңістігінде қалай баяндалғанын зерттеуге мүмкіндік береді.
Ғалым назар аударған маңызды жайттардың бірі – жапон дипломаттары мен журналистерінің Мәскеудің кадрлық шешіміне берген бағасы.
Олжас Қуанбайдың пайымдауынша, құжаттардан Қазақстан басшылығына жергілікті жағдайды жете білмейтін, республикадан тыс жерде қызмет атқарған Геннадий Колбинді тағайындау Кеңес Одағы басшылығының үлкен саяси қателігі болғанын аңғаруға болады.

«Ең қызығы, ел билігіне ұлты қазақ болмаған Колбиннің тағайындалуы КСРО тарапынан жіберілген үлкен қателік екенін жапон дипломаттары мен тілшілерінің жазбасынан байқауға болады», – дейді зерттеуші.
Осылайша, ғалымның жариялаған мәліметтері Желтоқсан көтерілісін тек кеңестік биліктің ресми ұстанымы немесе қазақстандық тарихи дереккөздер арқылы ғана емес, шетелдік дипломатиялық құжаттар негізінде де қарастыруға жол ашады.
Желтоқсан көтерілісі
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі – қазақ халқының ұлттық санасын дүр сілкіндірген, кеңестік биліктің әміршіл жүйесіне ашық қарсылық танытқан тарихи оқиға. Сол жылдың 16 желтоқсанында республиканы ширек ғасырға жуық басқарған Дінмұхамед Қонаев қызметінен босатылды. Оның орнына бұған дейін Қазақстанда жұмыс істемеген, Ресейдің Ульянов облыстық партия комитетін басқарған Геннадий Колбин тағайындалды.
Мәскеу қабылдаған бұл шешім қазақ жастарының наразылығын туғызды. Республика тағдырына қатысты маңызды мәселенің жергілікті халықтың пікірімен санаспай шешілуі көпшіліктің көңілінде бұрыннан қордаланған әділетсіздік сезімін күшейтті. 17 желтоқсанның таңында Алматының орталық алаңына жастар жинала бастады. Олардың қатарында жоғары оқу орындарының студенттері мен жұмысшы жастар болды. Наразылық білдірушілер республика басшылығына жергілікті жағдайды білетін адамның тағайындалуын, ұлттық мүдденің ескерілуін талап етті. Алайда бейбіт басталған шеру көп ұзамай билік пен халық арасындағы қақтығысқа ұласты. Алаңға милиция, ішкі әскер бөлімдері мен арнайы жасақтар тартылды. Наразылық күшпен басылып, көптеген жас соққыға жығылды, ұсталды және жауапқа тартылды.
Желтоқсанның ызғарлы күндері Алматы көшелерінде тек саяси наразылық қана емес, тұтас бір ұрпақтың ар-намысы мен еркіндікке деген ұмтылысы көрініс тапты. Қылышынан қан тамған кеңестік жүйенің алдында қаймықпай тұрған жастар өз елінің тағдырына бейжай қарай алмайтынын көрсетті. Кейін көтеріліске қатысушылардың бірқатары қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жүздеген студент оқудан шығарылды, көптеген азамат қызметінен қуылды. Кеңестік билік оқиғаны ұзақ уақыт бойы «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» ретінде сипаттауға тырысты. Желтоқсан оқиғасының қасіретті тағдырымен Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев және Сәбира Мұхамеджанова есімдері тығыз байланысты. Олар тәуелсіздік жолындағы күрестің символына айналды.

Арада бес жыл өткенде, 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады. Бұл тарихи сәйкестік Желтоқсан көтерілісінің ел жадындағы орнын бұрынғыдан да айшықтай түсті.
Желтоқсан – бір күннің дүрбелеңі емес, бодандық бұғауында тұншыққан ұлттық рухтың оянуы еді. Ол кеңестік жүйенің терең қайшылықтарын ашып көрсетіп, қазақ қоғамындағы еркіндік пен әділдікке деген сұраныстың қаншалықты күшті екенін танытты.
Енді Жапония архивінен табылған құжаттар сол бір тарихи кезеңге сырт көздің қалай қарағанын анықтауға септігін тигізуі мүмкін. Әсіресе шетелдік дипломаттардың Мәскеудің саяси шешімдеріне берген бағасы мен Алматыдағы оқиғалар туралы өз үкіметіне жолдаған мәліметтері Желтоқсан тарихын зерттеудің маңызды бағыттарының біріне айналуы ықтимал.