TOP-1Пікір

Мәскеу одақтастарынан айырылып, Қазақстан мен Орталық Азияға басымдық беріп отыр – Сәтпаев

Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға кейінгі екі жылдағы екінші мемлекеттік сапары аясында Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтіп жатыр. Саясаттанушы Досым Сәтпаев Кремльдің Орталық Азияға деген күшейген назары тек экономикалық мүддемен ғана емес, Ресейдің өзге геосаяси бағыттардағы бұрынғы одақтастарының бір бөлігінен айырылуымен де байланысты екенін айтады. Оның пікірінше, ЕАЭО ішкі қайшылықтарға жиі тап болып отыр, ал Мәскеудің біржақты шешімдері Қазақстанның экономикалық мүдделеріне тікелей әсер ете бастаған, деп жазады Tizgin.kz.

Қазақстанда Владимир Путиннің соңғы екі жылдағы екінші мемлекеттік сапары кезінде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтіп жатыр.

«Қазақстанға мұндай жиі сапарлардың жасалуы тек Ресейге өңір арқылы сұр импорттың сақталуымен ғана байланысты емес. Тек құны қымбат (16,5 млрд доллар) атом электр станциясын салу жобасына да қатысты емес. Сонымен қатар Ресей–Қытай–Иран геосаяси үштағанында Орталық Азияның қазіргі таңда стратегиялық маңызға ие болуымен де байланысты. Ресей кейінгі бірнеше жылда Сириядағы, Венесуэладағы одақтастарынан айырылып, жақын уақытта Кубадағы ықпалын да жоғалтуы мүмкін. Молдова ТМД-дан шығып жатыр, ал Армения іс жүзінде ҰҚШҰ-дағы қатысуын тоқтатып, ЕАЭО-ға деген қызығушылығын жоғалтты. Нәтижесінде Ресей үшін тек Орталық Азия, Грузия және Беларусь қалды», – деп жазады саясаттанушы.

Оның айтуынша, қазір ЕАЭО аясындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайту туралы көп айтылып жатыр. Алайда Қазақстан биылдың өзінде бірнеше жағымсыз тосынсыйға тап болған.

«Алдымен Ресей 1 мамырдан бастап “Дружба” құбыры арқылы Қазақстан мұнайының Германияға транзитін тоқтатты. Бұл Кремль үшін Ормуз бұғазының бұғатталуына байланысты әлемдік нарықта мұнай тапшылығы күшейген қолайлы жағдайда Берлинге қысым көрсету әрекеті болуы мүмкін. Ал Қазақстанның экономикалық мүдделері ескерілген жоқ. Ал биылғы 1 маусымнан бастап Ресей ЕАЭО елдерінен келетін тауарларды бақылауды күшейту үшін жеткізілімді күту растау жүйесін (СПОТ) іске қосуды жоспарлап отыр. Яғни, іс жүзінде қазақстандық автотасымалдаушылар үшін тауар тасымалдау тетігі одан әрі күрделеніп, шекарада кідіріс қаупі артады. Бұл ЕАЭО аясындағы бірыңғай экономикалық кеңістік туралы мәлімдемелерге қарамастан болып отыр. Ал біз тағы да кірпі секілді кактусқа өрмелеп, ЕАЭО-ны мақтай берудеміз», – дейді ол.

Сонымен қатар мұндай біржақты шешімдер бұл аймақтық ұйым құрылған алғашқы күндерден бері байқалып келеді. Қазір Ресей өз нарығын қорғау және санкциялық бақылауды күшейту аясында үшінші елдерден РФ аумағы арқылы өтетін тауарларға шектеулер немесе қосымша тексерулер енгізіп отыр. Бұл өз кезегінде қазақстандық логистикалық және сауда компанияларына тікелей соққы болып тиеді.

Саясаттанушының сөзінше, ішкі нормативтік базалардың әртүрлілігі мен Қазақстанда берілген құжаттардың өзара мойындалмауына байланысты отандық өндірушілер кейде Ресей нарығында өнімін өткізу үшін қосымша сертификаттаудан өтуге мәжбүр. Бұған қоса, Россельхознадзордың қауіпсіздік стандарттары бұзылды деген желеумен қазақстандық ауыл шаруашылығы және ет өнімдеріне тұрақты түрде фитосанитарлық әрі ветеринарлық тыйымдар енгізіп отыратынын да қосуға болады.

«Тәжікстанның ЕАЭО құрамына әлі күнге дейін кірмегені таңғаларлық емес. Ал Өзбекстан бастапқыдан-ақ Ресеймен екіжақты сауда қатынастарына басымдық беріп, ЕАЭО-ға кіру туралы ұсыныстардың бәрінен шығыстық тәсілмен жалтарып, тек бақылаушы мәртебесіне ғана келісті. Себебі Ташкент ЕАЭО-ны барлық қатысушылардың мүддесі ескерілетін тиімді экономикалық одақтан гөрі, Ресей үстемдік ететін геосаяси жоба ретінде қабылдады. Ұқсас жағдай ҰҚШҰ-да да болды. Өзбекстан 2012 жылы дәл осындай себеппен ұйымдағы мүшелігін тоқтатты. Негізінде, Армения да қазір дәл осы жолмен кетіп барады – ҰҚШҰ-ға қатысуын тоқтатып, ЕАЭО-дағы белсенділігін азайтты. Себептері әртүрлі болғанымен, нәтижесі ұқсас болуы мүмкін. Путиннің жақында Пашинянмен кездесуі кезінде Арменияның ЕО-ға бет бұруы Ресей тарапынан экономикалық және саяси қысымға алып келуі мүмкін деген ишарасы, сірә, әсер етпеген сияқты. Сондықтан енді Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы барысында Ереванға ұжымдық қысым көрсетуге тырысуы мүмкін», – деп жазады ол.

Сондай-ақ Сәтпаевтың айтуынша, Ресей репутациялық шығыннан қауіптенеді. Өйткені дәл ШЫҰ-дан әзірге ешкім кетіп жатқан жоқ. Керісінше, соңғы жылдары ұйым мүшелерінің саны артып келеді. Оның ішінде ЕАЭО мен ҰҚШҰ-ның кейбір қатысушылары да бар. Жуырда, мысалы, ШЫҰ құрамына Беларусь кірді.

Back to top button