Мароккода түсірілген видео “Маңғыстауда болған” деген атаумен расталмай таратылып жатыр

Әлеуметтік желіде теңіз жағасында отырған әйел бейнеленген видео кеңінен тарады. Желі қолданушылары оны Каспийдегі қайғылы оқиғамен байланыстырып, кадрдағы әйелді қаза тапқан сарбаздардың бірінің анасы деп жазған. Видео кейбір БАҚ-та да осы сипатта жарияланды. Алайда роликтің Қазақстанға қатысы жоқ, деп жазады nofake.kz.
Видеоның түпнұсқа авторы оның қайда және қашан түсірілгенін жазған. Автордың айтуынша, кадрлар Марокконың Танжер қаласында түсірілген.
«Сәлеметсіз бе. Иә, кеше видеоны сынақ ретінде жариялап, ұйықтап қалған едім. Таңертең қарасам, пікірлер мен репосттар өте көп екен. Видео Мароккода, Танжер қаласында түсірілді. Кадрдағы әйел – Алжирден келген қыз. Видеомның Қазақстан аудиториясына қалай тарап кеткенін өзім де білмеймін. Қазақстандағы жаңалықтардан хабарсыз едім, ол жақта ешқашан болған емеспін. Сарбаздарыңызға қатысты жағдайға қатты қайғырып отырмын. Көңіл айтамын», – деп жауап берді видео авторы.
Қайғылы оқиғалар кезінде эмоциялық видеолар мен ескі немесе басқа елдерде түсірілген кадрлар контекстен жұлынып, тез тарауы мүмкін.
Каспийдегі трагедия
24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде тоғыз әскери қызметші қаза тапқаны белгілі болған еді. Кейін құрбан болғандар саны одан да көбейді. Осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысының өкімімен 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Аталған оқиға бойынша тергеу екі баппен жүргізіліп жатыр.
Бас прокуратура іс бойынша күдікті лауазымды адамдар анықталғанын хабарлады. 25 күні таңертең соңғы екі әскери қызметкердің денесі табылды.
Осы оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі ахуалды кешенді тексеру жөніндегі комиссия құрды.