Маңғыстаудағы трагедияда аман қалған үш сарбаз марапатталды

Мемлекет басшысының жарлығымен әскери борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ әскери қызметші «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды, деп хабарлайды Ақорда.
Қуандық Бекет Бақтыбекұлы – 29011 әскери бөлімінің матросы (атқышы);
Темірхан Ақжол Тимурұлы – 29011 әскери бөлімінің матросы (атқышы);
Удалов Никита Александрович – 29011 әскери бөлімінің маманы (санитариялық нұсқаушысы).
Каспийдегі трагедия
24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде тоғыз әскери қызметші қаза тапқаны белгілі болған еді. Кейін құрбан болғандар саны одан да көбейді. Осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысының өкімімен 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Аталған оқиға бойынша тергеу екі баппен жүргізіліп жатыр.
Бас прокуратура іс бойынша күдікті лауазымды адамдар анықталғанын хабарлады. 25 күні таңертең соңғы екі әскери қызметкердің денесі табылды.
Осы оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі ахуалды кешенді тексеру жөніндегі комиссия құрды.