Маңғыстауда көлік түйеге соғылып, төрт адам ажал құшты
Қайғылы оқиға 16 қыркүйек күні кешке «Ақтау-Бейнеу» автожолында болған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Оқиға орнында көз жұмды
Lada.kz ақпаратынша, жол-көлік оқиғасы кешкі сағат 20:30 шамасында болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, Жетібай ауылы жағынан Шетпеге қарай келе жатқан Toyota Camry көлігі жүргізушісі жолға шыққан түйеге соғылды. Соққыдан кейін көлік қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, тағы бір Toyota Camry-мен соқтығысқан.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан төрт адам алған жарақатынан оқиға орнында жан тапсырды. Тағы төрт адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Іс қозғалды
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес («Жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу») қылмыстық іс қозғалды.
Екі көлік те арнайы тұраққа қойылды. Қажетті сараптамалар тағайындалған.
«Тергеу жалғасып жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы, оның ішінде жануардың иесі анықталуда», – делінген Маңғыстау облысының полиция департаменті мәліметінде.