Магистратураға 11 мың грант: өтініш қабылдау қашан аяқталады
Магистратураға бөлінген білім гранттарына өтініш қабылдау басталды. Биыл талапкерлерге 11 мыңға жуық грант ұсынылып отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Грант конкурсына қатысу үшін құжаттарды 12–18 тамыз аралығында тапсыру қажет. Өтінішті таңдаған жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына барып немесе кейбір университеттердің виртуалды қабылдау комиссиясы арқылы онлайн беруге болады.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, биыл магистратураға түсу үшін 58 мыңға жуық адам тестілеуден өткен.
Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша орташа нәтиже 77 балл, бейіндік бағытта 24 балл болған. Ең жоғары көрсеткіш – 139 балл.
Магистратураның ғылыми-педагогикалық бағытына түсу үшін кемінде 75 балл, ал бейіндік бағытқа 30 балл жинау қажет.
Өтініш берген кезде талапкер білім беру бағдарламаларының бір тобын және өзі таңдаған үш жоғары оқу орнын көрсете алады.
Құжатты онлайн қалай тапсырады
Қашықтан өтініш беру үшін алдымен үш жоғары оқу орнына дейін таңдап, олардың сайтындағы виртуалды қабылдау комиссиясына жүгіну қажет.
Университетке қарай талапкерлер Zoom немесе Microsoft Teams арқылы қабылдануы мүмкін. Құжат тапсырмас бұрын түпнұсқаларды және олардың PDF форматындағы электрондық көшірмелерін дайындап қойған жөн.
Құжаттар тексерілгеннен кейін талапкер өтінішке қол қойып, оны PDF форматында қабылдау комиссиясына қайта жібереді.
Онлайн тапсыру кезінде жоғары білім туралы құжат, жеке куәлік, 075/у нысанындағы медициналық анықтама және кешенді тестілеу сертификаты қажет.
Еңбек өтілі бар азаматтар оны растайтын құжат ұсынады. Ғылыми еңбектер тізімі, IELTS, TOEFL және басқа да халықаралық тіл сертификаттары, сондай-ақ GRE сертификаты бар болса, қоса тапсырылады.
Құжатты университетке тікелей апарған жағдайда талапкер қабылдау комиссиясына құжаттардың түпнұсқасы мен көшірмелерін ұсынуы керек. Қажетті құжаттар тізімі жоғары оқу орнына қарай өзгеруі мүмкін. Сондықтан талаптарды алдын ала нақтылап алған дұрыс.
Қай мамандықтарға грант көп бөлінді
Биыл магистратураға 11 мыңға жуық білім гранты бөлінген. Мемлекеттік гранттың ең көбі педагогика, инженерия және IT бағыттарына тиесілі.
«Педагогикалық ғылымдарға» – 3 059 грант, «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына» – 1 819 грант, ал «Ақпараттық-коммуникациялық технологияларға» 1 141 грант қарастырылған.
Нәтиже қашан шығады
Грант конкурсына құжат қабылдау 18 тамызда аяқталады.
Грант иегерлерінің тізімі 25 тамызға дейін жариялануы тиіс. Ал магистранттарды жоғары оқу орындарына қабылдау 28 тамызға дейін аяқталады.