Жаңалықтар

Леңгірде әйелді байлап, бірнеше сағат ұрып-соққан: екі күдікті ұсталды

Түркістан облысының Леңгір қаласында түн ішінде әйелдің үйіне басып кіріп, оны соққыға жыққан деген күдікпен екі адам ұсталды. Күдіктілер қамауға алынып, оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Күдіктілер қамауға алынды

Түркістан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, шабуылдан кейінгі жағдай бейнеленген кадрлар әлеуметтік желіде тараған соң криминалдық полиция қызметкерлері кешенді жедел-іздестіру шараларын жүргізген.

Нәтижесінде күдіктілердің жеке басы мен жүрген жері анықталды.

«Күдіктілердің жеке басы мен жүрген жері анықталды. Төлеби ауданының екі тұрғыны ұсталып, қамауға алынды», – деп мәлімдеді полиция өкілдері.

Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу барысы Түркістан облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауына алынды.

Әйелді бірнеше сағат бойы үйінде ұстаған

Бұған дейін әлеуметтік желіде бетперде киген адамдардың түнде Леңгір тұрғынының үйіне басып кіргені туралы ақпарат тараған еді. Қоғам белсендісі Айгүл Орынбектің хабарлауынша, шабуыл жасағандар әйелді байлап, бірнеше сағат бойы үйінде ұстап, соққыға жыққан. Сондай-ақ оның ұялы телефонын алып кеткен.

Желіде жарияланған кадрлардан әйелдің беті қатты ісініп, дене жарақаттары мен қан іздері қалғаны байқалады. Алайда шабуылдың өзі бейнежазбаға түспеген.

Полиция бұған дейін белгісіз адамдардың үйге заңсыз кіріп, әйелге дене жарақатын салғанын растаған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жәбірленушінің жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Back to top button