Кореяның әйгілі актерлары Қазақстанға келеді
Қазақстанға дораманың түсірілім жұмысы бойынша атақты актерлер Чжи Чан Ук пен Ли Су Хек келе жатыр. Түсірілім Алматы мен Ақтау қаласында өтеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Корейлік жанкүйерлер “Men of the Harem” дорамасының бірқатар сахнасы Қазақстанда түсірілетінін жазып жатыр. Продюсерлерге мистикалық атмосферасы бар, жұмбақ әрі визуалы ерекше локация қажет болған көрінеді. Сол себепті жанкүйерлер түсірілім Алматы маңындағы көшпенділер қалашығында немесе Маңғыстаудағы Бозжыра шатқалында өтуі мүмкін деп болжауда.
Әлеуметтік желілерде кореялық түсірілім тобы Қазақстанда 15 күнге арналған қосымша актерлер іздеп жатқаны туралы ақпарат та пайда болды. Бұл жаңалықтан кейін қазақстандық жанкүйерлер актерлерді қарсы алуға дайындалып кеткен.
Threads желісінде “Ертеңнен бастап Бозжырада түнейтін болдым”, “Аэропортқа қазірден шыға берейін”, “Оралдан үшеуміз барамыз” деген пікірлер көбейген.
ЖОБАДАҒЫ ЖҰЛДЫЗДАР
Сюзи (@skuukzky) дорамада басты рөл – императрица Латильдің образын сомдайды. Шетелдегі түсірілім жұмыстары 2026 жылдың мамыр айында басталған. Ал Қазақстан империяның фэнтези әлеміндегі көркем табиғатын бейнелейтін негізгі локациялардың бірі ретінде таңдалған.
Ли Су Хек (@leesoohyuk) дорамадағы басты ер рөлдердің біріне – императрицаның көңілдестерінің бірінің рөліне бекітілген. Ол да шетелдегі осы түсірілім жұмыстарына қатысып жатыр.
Ал Чжи Чан Ук (@jichangwook) бұл дорамаға арнайы қонақ (камео) ретінде қатысатынын ресми түрде растады. Оның экрандағы көрінісі қысқа болғанымен, есте қаларлықтай болмақ. Сюжеттегі маңызды рөлдердің бірін ойнайтындықтан, оның кейбір сахналары да негізгі актерлік құраммен бірге Қазақстандағы локацияларда түсірілуі мүмкін.
Айта кетейік, “Men of the Harem” дорамасына кастинг 2025 жылы басталған. Сериал 2027 жылдың басында жарық көреді деп жоспарланып отыр. Жобаға Сюзи, Ли Су Хек, Шин Сын Хо, Ким Дан мен Ю Джон Ху түскен. Ал Чжи Чан Ук бірнеше эпизодта арнайы рөлмен көрінеді.