«Конституция негіздері», «Заң және тәртіп»: мектептерде жаңа пәндер оқытылады
Бастауыш білім беру мазмұны қайта қаралуда.
1 қыркүйектен бастап Қазақстан мектептерінде жаңа міндетті пәндер мен курстар енгізіледі, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді. Оның айтуынша, өзгерістер жаңа Конституцияны іске асыру аясында әзірленген және әртүрлі жастағы оқушылардың оқу бағдарламаларын қамтиды.
«Жаңа оқу жылынан бастап білім беру мазмұны бірқатар жаңа міндетті оқу курстарымен толықтырылады. 5–7-сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні енгізіледі. Ал 8–11-сыныптарда «Заң және тәртіп» міндетті курсы оқытылады. Сонымен қатар, 5–11-сынып оқушылары үшін «Жеке қауіпсіздік» міндетті курсы енгізіледі», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министрдің айтуынша, қайта басылған 3 және 7-сынып оқулықтары 30 тамызға дейін еліміздегі барлық білім беру ұйымдарына жеткізіледі. Ал 4 және 9-сыныптарға арналған оқулықтарды 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін, 8-сынып оқулықтарын 2027 жылғы 1 сәуірге дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, бастауыш білім беру мазмұны қайта қаралуда. Бірінші сынып оқушылары үшін бейімделу кезеңі енгізіліп, оқу жүктемесі азайтылады. Оқытудың практикалық бағыты күшейтіліп, оқу бағдарламалары балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкестендіріледі.
Бұдан бөлек, Қазақстанда орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу басталады. Алғашқы кезеңде жоба 500 шағын жинақты мектепті қамтиды. Нәтижесінде оқушылар заманауи цифрлық білім беру ресурстарына қол жеткізіп, мұғалімдер сабақ дайындау мен білімді бағалауға арналған интеллектуалды құралдарды пайдалана алады.