«Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров Tizgin.kz порталына берген жауабында орталыққа тіркеліп жатқан халықаралық компаниялардың Қазақстан экономикасына қандай пайда әкеліп жатқанын айтып берді.
Бектұров не дейді
Орталық басқарушысының айтуынша, былтыр АХҚО-ға тіркелген компаниялар 150 млрд теңгеге жуық салық төлеген.
“Біздің жыл сайын бөлетін бюджетіміз 7 млрд теңге десек, былтыр 20 есе көп салық төлеген және ол жыл сайын өсіп келе жатқан салық. Себебі бірінші жылдары компаниялар аз тіркеліп жатқан кезде түскен салық мөлшері 1 млрд теңгеге жетпейтін. Тіркелген компаниялар көбейген сайын салық төлемдері де үлкен болады”, – дейді ол.
Ренат Бектұровтың сөзінше, АХҚО құрылғалы бері Қазақстанға инвестициялар құнды қағаздар түрінде, акциялар, облигациялар түрінде шетелден инвестициялар келіп жатыр.
“Қазір қайта жаңғыратын энергия көздеріне, ІТ саласына инвестиция көп құйылып жатыр”, – дейді ол.
Катарлықтардың АХҚО-да $10 млн капиталы бар Ислам банкін құрды
Жақында Астана халықаралық қаржы орталығында Al-Amanah Islamic Bank Ltd. атты жаңа ислам банкі тіркелді. Оның жалғыз акционері ретінде Катар қаржы орталығында орналасқан Finagroup Holding LLC компаниясы көрсетілген. Ренат Бектұровтың сөзінше, орталықта қазірге дейін тіркелген, Ислам қаржыландыруымен жұмыс істейтін екі банк бар.
“Олар енді тіркелді. Лицензиясын алғаннан кейін Шариғат қағидаттарына сай банк қызметтерін көрсетеді”, – деді ол.
Dodo, Fix Price және Solidcore: АХҚО-ға қай компаниялар тіркелді
Еске сала кетеййік, кейінгі бір жарым жылда АХҚО-да тіркелген компаниялар саны айтарлықтай өсіп, орталыққа халықаралық бизнестің жаңа легі келгенін бұған дейін Tizgin.kz жазған еді. 2025 жылы АХҚО 1467 жаңа компания тіркесе, 2026 жылдың мамырына қарай қатысушылардың жалпы саны 5600-ден асқан. 2024 жылдың соңында АХҚО-да 3510 компания болса, 2025 жылдың соңында олардың саны 4954-ке жетті. Бірақ бұл өсімнің Қазақстан экономикасына әсерін компаниялардың жай санынан емес, тартылған инвестициядан, салықтан, жұмыс орындарынан және жергілікті қаржы нарығындағы операциялардан көруге болады.
2025 жылдың ортасына қарай АХҚО-ға басқа юрисдикциялардан 14 халықаралық холдинг бас компаниясын АХҚО-ға көшірді. Олардың қатарында Dodo Brands, Fix Price Group, Solidcore Resources, Cheltenham Group және Specta Group бар.
АХҚО немен айналысады
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – Қазақстанға шетелдік инвестиция тартуға, қаржы нарығын дамытуға және отандық компаниялардың халықаралық капиталға шығуына жағдай жасайтын арнайы қаржы алаңы. Орталықты құру туралы Конституциялық заң 2015 жылы қабылданып, АХҚО 2018 жылы ресми түрде ашылған.
АХҚО инвесторлар мен қаржы ұйымдарына дербес құқықтық және реттеушілік орта ұсынады. Оның құрамында Astana International Exchange (AIX) қор биржасы, қаржылық қызметтерді реттейтін орган, АХҚО Соты, Халықаралық төрелік орталығы, FinTech Lab реттеуші алаңы және басқа да мамандандырылған ұйымдар жұмыс істейді. Бұл жүйе бизнесті тіркеуден бастап, лицензия беру, инвестиция тарту және дауларды шешуге дейінгі қызметтердің тұтас кешенін қамтиды.
Орталықтың негізгі бағыттарына:
- капитал нарығы мен қор биржасын дамыту;
- шетелдік және отандық инвестиция тарту;
- активтер мен қорларды басқару;
- банк және сақтандыру қызметтері;
- ислам және жасыл қаржы құралдарын дамыту;
- қаржылық технологиялар мен цифрлық активтер нарығын реттеу;
- заңгерлік, аудиторлық және консультациялық қызметтер көрсету жатады.
AIX алаңында «Қазатомөнеркәсіп», «ҚазМұнайГаз» және Air Astana компанияларының IPO-лары өткізілді. Сондай-ақ жасыл және әлеуметтік облигациялар, юаньмен номинацияланған бағалы қағаздар, криптоактивтерге арналған биржалық қорлар секілді жаңа қаржы құралдары енгізілді.
АХҚО құрылғаннан бері оның аумағында мыңдаған компания тіркеліп, Қазақстан экономикасына тартылған инвестиция көлемі 20 млрд доллардан асқан. Осылайша орталық Астананы аймақтық қаржы хабына айналдырып, Қазақстанның халықаралық инвестициялық және қаржы нарығындағы мүмкіндігін кеңейтуді көздейді.