Кейінгі бір жарым жылда АХҚО-да тіркелген компаниялар саны айтарлықтай өсіп, орталыққа халықаралық бизнестің жаңа легі келді. 2025 жылы АХҚО 1467 жаңа компания тіркесе, 2026 жылдың мамырына қарай қатысушылардың жалпы саны 5600-ден асты. Бұл өсімнің артында қандай компаниялар тұр, олар Қазақстанға не әкелді және халықаралық бизнес релокациясы осы ағынға қаншалықты әсер етті? Бүгінгі мақалада Tizgin.kz осы сұрақтарға жауап іздейді.
Апта сайын 28 компания
2024 жылдың соңында АХҚО-да 3510 компания болса, 2025 жылдың соңында олардың саны 4954-ке жетті. Бірақ бұл өсімнің Қазақстан экономикасына әсерін компаниялардың жай санынан емес, тартылған инвестициядан, салықтан, жұмыс орындарынан және жергілікті қаржы нарығындағы операциялардан көруге болады.
2025 жылғы тіркеулердің орташа қарқыны аптасына 28 компанияға дейін шықты. Яғни АХҚО-ға енді айына емес, аптасына ондаған компания тіркелетін жағдай қалыптасты.
2026 жылдың 20 мамырындағы жағдай бойынша АХҚО экожүйесінде 90 елден 5600-ден астам компания тіркелген. Сонда небәрі бес ай ішінде 650-ден астам компания қосылған.
2024 жылы орталық арқылы Қазақстан экономикасына $3,1 млрд инвестиция тартылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш $6 млрд-қа жетті. Бір жылдың ішінде инвестиция көлемі $2,9 млрд-қа, немесе 94% өсті. 2025 жылдың соңына қарай АХҚО жұмыс істеген барлық кезеңдегі жиынтық инвестиция көлемі $20 млрд-тан асты.
2026 жылдың алғашқы алты айында AIX арқылы $3,589 млрд капитал тартылып, биржадағы сауда айналымы $1,084 млрд болды. 2025 жылдың алты айында мұндағы сауда көлемі $729,1 млн болған, яғни айналым 48,6% өсті. Жыл басынан бері 53 эмитенттің 74 бағалы қағазы листингке шықты.

АХҚО қатысушылары 2024 жылы бюджетке 63,2 млрд теңге төлесе, 2025 жылы бұл сома 135,9 млрд теңгеге жетті. Яғни бір жылда салық түсімі 72,7 млрд теңгеге немесе 2,2 есе артты. 2018 жылдан 2025 жылдың соңына дейін АХҚО қатысушылары бюджетке барлығы 284,3 млрд теңге аударған.
Капитал нарығындағы қозғалыс та күшейді. AIX-тегі сауда айналымы 2024 жылғы $1,3 млрд-тан 2025 жылы $2,1 млрд-қа дейін өсті. Бір жылда биржадағы сауда көлемі 59% артты. Жаңа листингтер саны да 140-тан 215-ке дейін көбейді. 2026 жылдың алғашқы төрт айында АХҚО қатысушылары бюджетке шамамен 44,6 млрд теңге салық түсірген. Бұл 2025 жылы түскен салықтың үштен біріне таяу.
14 халықаралық холдинг бас компаниясын АХҚО-ға көшірді
2025 жылдың ортасына қарай АХҚО-ға басқа юрисдикциялардан 14 халықаралық холдинг бас компаниясын АХҚО-ға көшірді. Олардың қатарында Dodo Brands, Fix Price Group, Solidcore Resources, Cheltenham Group және Specta Group бар.
Соларды бірі – Dodo Brands. Dodo Pizza және Drinkit брендтерінің бас компаниясы маусымда Виргин аралдарынан АХҚО-ға көшті. Холдинг 26 елде 1 300-ден астам пиццерия мен кофехананы басқарады. 2024 жылы холдингтің сатылымы $1 млрд-тан асты, ал желідегі қызметкерлер саны 43 мыңға жетті. 2025 жылдың маусымындағы мәлімет бойынша, Қазақстанның өзінде 100-ден астам Dodo Pizza және 14 Drinkit нүктесі жұмыс істеді.
2024 жылы Fix Price Group Кипрден АХҚО-ға көшті. Компанияның тоғыз елде 6,5 мыңнан астам дүкені бар, Қазақстандағы желісінде 300-ден астам дүкен және шамамен 1 900 қызметкер тіркелген. Компания бас компаниясын Астана көшіргеннен кейін капитал тарту мен жаңа инвесторлармен жұмыс істеу мүмкіндігі кеңейетінін мәлімдеді.
Тағы бір ірі мысал – Solidcore Resources, бұрынғы Polymetal International. Компания АХҚО-ға тіркелгеннен кейін атауын өзгертіп, Қазақстандағы тау-кен активтеріне шоғырланды. Бұл жағдайда АХҚО тек тіркеу орны емес, компанияның халықаралық капитал нарығына шығатын негізгі юрисдикцияларының біріне айналды. Solidcore Resources 2024 жылы Солтүстік Қазақстандағы Сырымбет кен орнындағы 55% үлесті $82,5 млн-ға сатып алды. 2025 жылы компания Қостанай облысындағы Тоқтар алтын жобасының 51%-ын шамамен $25 млн-ға алу туралы келісімге келді. Екі мәміленің бастапқы құнының өзі $107,5 млн.
Компанияның негізгі инвестициясы бұдан да ірі. Павлодар облысындағы Ertis гидрометаллургиялық кешеніне $978 млн инвестиция салу жоспарланған. Кәсіпорын жылына 300 мың тоннаға дейін алтын құрамды концентрат өңдеп, шамамен 15 тонна алтын өндіруге тиіс. Жоба іске қосылғанда 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. 2026 жылы Solidcore осы жобаға салынатын инвестицияны жалғастырып, құрылысқа шамамен $315 млн бағыттауды жоспарлап отыр.
АХҚО-ға келген халықаралық бизнестің географиясы да кең. 2025 жылдың соңында орталықта 90-нан астам елдің компаниялары тіркелді. Жаңа қатысушылар арасында АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Түркия, Сингапур және БАӘ сияқты нарықтардың бизнесі бар. 2025 жылы жаңа компаниялардың 33%-ы қаржы секторынан, 17%-ы көтерме және бөлшек саудадан, 14%-ы кәсіби, ғылыми және техникалық қызметтен, 12%-ы ақпарат және коммуникация саласынан келді.
Қытай бағыты бойынша да нақты нәтиже бар: 2025 жылдың тамызына қарай АХҚО юрисдикциясында Қытай капиталы бар 835 компания тіркелген. Оның шамамен 200-і тек 2025 жылдың алғашқы жеті айында қосылған. Олар сауда, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, қаржы, өндіріс, тау-кен, логистика және құрылыс салаларында жұмыс істейді.

Ал 2025 жылы AIX-та Jiaxin International Resources Investment компаниясының акциялары бір мезгілде AIX пен Гонконг қор биржасына шықты. Бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы алғашқы трансшекаралық IPO, әрі Орталық Азиядағы юаньмен номинацияланған алғашқы IPO болды. Компанияның IPO-сына сұраныс $34 млрд-тан асты.
Яғни АХҚО бұл жағдайда жай тіркеу алаңы емес, Қазақстандағы активті Қытайдың халықаралық капиталымен байланыстыратын нарықтық инфрақұрылым ретінде жұмыс істеді.
Басқа нарықтардан келген бизнестің Қазақстандағы ізі де нақты жобалардан көрінеді. Мысалы, БАӘ Қазақстан экономикасына $4,3 млрд-тан астам инвестиция салған, ал елде БАӘ капиталы бар 462 компания жұмыс істейді. Олардың арасында Masdar, Presight, Abu Dhabi Ports Group және Abu Dhabi Commercial Bank сияқты ірі компаниялар бар. Бұл капиталдың бір бөлігі энергетика, технология, көлік-логистика және қаржы инфрақұрылымына бағытталған.
Украинадағы соғыстың әсері
АХҚО-ның ауқымы соңғы екі жылда айтарлықтай өсті. 2025 жылы орталық арқылы $6 млрд инвестиция тартылды, ал 2018 жылдан бергі жиынтық көлем $20 млрд-қа жетті.
Капитал нарығында AIX-тің салмағы да өсті. 2025 жылы биржадағы бағалы қағаздар саудасы $2,1 млрд болды. Сол жылы KASE-дегі бағалы қағаздар нарығының айналымы 15,5 трлн теңге, шамамен $29,8 млрд болды. Осы екі алаңның сауда көлемін салыстырғанда, AIX-тің үлесі шамамен 7%.
Капитал тарту бойынша AIX-тің позициясы бұдан да жоғары. 2025 жылы биржа арқылы $4,9 млрд тартылды. Бұл KASE-дегі корпоративтік облигациялардың бастапқы нарығының шамамен жартысынан астамына тең.
2026 жылдың алғашқы алты айында AIX арқылы тағы $3,6 млрд капитал тартылып, сауда айналымы $1,084 млрд болды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда сауда көлемі 48,6% өсті.
Яғни АХҚО қазір Қазақстанның бүкіл қаржы нарығын алып отырған жоқ, бірақ AIX арқылы бағалы қағаздар нарығының шамамен 7%-ын және жаңа корпоративтік капитал тартудың елеулі бөлігін жинайтын деңгейге жетті.
Бұл өсім Қазақстандағы халықаралық бизнестің жай ғана тіркелу статистикасынан әлдеқайда ауқымды процеске айналғанын көрсетеді. Бір компания Қазақстандағы тау-кен активіне жүздеген миллион доллар салса, екіншісі халықаралық IPO арқылы капитал тартады, үшіншісі сауда немесе сервис желісін кеңейтеді. Осы ағынның бір бөлігі Украинада соғыс басталғаннан кейінгі бизнес релокациясымен де байланысты: Ресей нарығынан кеткен немесе бизнес құрылымын қайта ұйымдастырған халықаралық компаниялардың бір бөлігі АХҚО-ны жаңа юрисдикция ретінде таңдады. Ал AIX арқылы келген капитал қазақстандық компанияларға қаржы нарығынан қаражат тартудың қосымша арнасын ашып отыр.
Сондықтан АХҚО-дағы 2025-2026 жылдардағы бумды уақытша тіркеу толқыны деп қана қарау біржақты баға болар еді.