Көкшетауда жалғызбасты ананы басып өлтірген әйелге үкім шықты

Көкшетауда тұрғын үй ауласында адам қағып өлтірген әйелге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Сотта айыпталушы оқиға болған күні күйеуінің денсаулығы күрт нашарлағанын айтып, оның рұқсатымен көлік тізгініне отырғанын айтқан. Алайда әйелдің жүргізуші куәлігі болмаған.
Іс материалдарына сәйкес, сот оның жасаған ісіне өкінетінін, бұрын қылмыстық жауапқа тартылмағанын, кәмелетке толмаған балалары барын және марқұмның отбасына моральдық шығынды өтегенін ескерді.
Марқұмның туыстары да соттан әйелді бас бостандығынан айырмауды сұрап, оған қатысты талап-арыздары жоқ екенін айтқан.
Сот шешімімен әйел 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Бірақ оның екі кішкентай баласы бар екені ескеріліп, жазаны өтеу мерзімі үш жылға кейінге шегерілді.
Еске салсақ, жақында Көкшетауда көлік тізгіндеген әйел көшеде кетіп бара жатқан адамды басып кеткен еді. Салдарынан әйел адам оқиға орнында көз жұмған. Сондай-ақ көлік тізгініндегі әйелдің жүргізуші куәлігі болмағаны анықталды.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәжіліс кулуарында жаяу жүргіншіні көлікпен қағып өлтірген әйелдің күйеуі бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтқан.