Көкшетауда әйелді көлік басып кеткен: күдіктінің жүргізуші куәлігі болмаған
Көкшетауда тұрғын үй ауласында адам қағып кеткен әйелдің жүргізуші куәлігі болмай шықты. Осыған сәйкес оған рөлді тапсырған күйеуі де жауапқа тартылмақ, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ
Ақмола облысының полиция департаменті 52 жастағы әйел өліміне байланысты екі қылмыстық іс қозғады.
“Жол апаты кезінде рөлдегі әйелдің жүргізуші куәлігі болмағаны және арнайы оқудан өтпегені анықталды. Осыған сәйкес полиция адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелері мен көлік құралдарын пайдалану талаптарын бұзу бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр”, – деді полиция департаменті өкілдері.
Сондай-ақ көлік иесі, яғни әйелдің күйеуіне қатысты да жүргізуші куәлігі жоқ адамға көлік басқаруға рұқсат бергені үшін қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
ҮЙҚАМАҚҚА АЛЫНДЫ
Күдікті 11 мамыр күні үйқамаққа алынды. Ақмола облысы полиция департаменті ақпаратынша, жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалған.
“Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр”, – деді полиция.