TOP-1Тергеу

«Кішкентай қызы жетім қалды»: Ақтөбеде бұрынғы әйелін өлтірді деген күдікпен ер адам ұсталды

Ақтөбеде бұрынғы әйелін өлтірді деген күдікпен ер адам қамауға алынды,  деп жазады Tizgin.kz.

Әуелі осы оқиға жайлы әлеуметтік желіде Талғатовна атты қолданушы жазды.

«Кеше түнде Ақтөбе қаласында әпкемді өлтіріп кетті. Оны бұрынғы күйеуі өлтірген. Екеуінің ортақ баласы бар еді. Еркектер, сендерге не болған?! Жап-жас қызды қорлап, өлтіріп тастады. Өзі түрмеге кетті, ал кішкентай қызы жетім қалды. Алла жазасын берсін! Бұл біздің отбасымыз үшін орны толмас, өте ауыр қаза болды. Мұндай қайғыны жауыма да тілемеймін. Тұрмысқа шықпас бұрын он мың рет ойланыңдар. Мұндай есі дұрыс емес адамдар өте көп. Қыздар, абай болыңдаршы! Тұрмысқа шығуға асықпаңдар», – деп жазды ол.

Жанар Қожанова атты азамат осы оқиғаны желіде баян етіп, сіңлісін “ессіз айуанның құрбаны” деп атады.

Полиция не дейді

Tizgin.kz порталына берген жауабында облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

“Полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыс бұрынғы ерлі-зайыптылар арасында тұрмыстық жанжал салдарынан орын алған. Бұл ретте, бұған дейін полицияға аталған тұлғалардың арасында тұрмыстық жанжалдар болғаны туралы ешбір арыз-шағым мен хабарламалар түспеген”, – делінген жауапта.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Back to top button