Жаңалықтар

Кадр тапшы өңірлерге көшкендерге үй алу үшін 7 млн теңгеге дейін беріледі

Қазақстанда маман тапшылығы байқалатын өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы жаңартылып, мемлекеттік қолдау күшейтілді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қаражатты үй сатып алуға пайдалануға болады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ақпаратынша, енді экономикалық ұтқырлық сертификатының ең жоғары мөлшері 7 млн теңгеге дейін (1 625 АЕК) ұлғайтылды. Бұны жаңа өңірден үй сатып алуға пайдалануға болады.

«Бағдарлама аясында қоныс аударушыларға көшу шығындарына субсидия беріледі, тұрғын үйді жалдау мен коммуналдық қызмет ақысы өтеледі. Сондай-ақ жұмысқа орналасуға қолдау көрсетіліп, жаңа өңірге көшпей тұрып-ақ бос жұмыс орындарын таңдау мүмкіндігі қарастырылған», – делінген хабарламада.

Бағдарлама цифрлық форматқа көшірілді

Осы жылғы өзгеріске сәйкес, аталған бағдарламаға жұмыссыз азаматтар ғана емес, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар мен шаруа қожалықтары басшыларының қатысу мүмкіндіктері бар.

Бағдарлама толық цифрлық форматқа көшірілді. Өтініш беру шарттарымен, сұранысқа ие мамандықтармен және бос жұмыс орындарымен migration.enbek.kz порталында танысуға болады.

Министрлік 2017 жылдан бері бағдарламаға 73,9 мың адам қатысып, 31 мыңы тұрақты жұмыспен қамтылғандығы жөнінде мәлімет бөлісті.

Кімдер көтермеақы алады

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адами ресурстар департаменті директорының орынбасары Маржан Мұхамедбек елдің денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек ететінін айтқан болатын. Оның ішінде 84 мыңға жуығы – дәрігерлер.

Оның айтуынша, елімізде бірқатар медициналық бағыттар бойынша маман тапшылығы әлі де өзекті мәселе болып отыр.

«Республика бойынша терапевт, хирург, кардиолог, онколог, анестезиолог-реаниматолог және сәулелік диагностика дәрігерлері аса тапшы мамандықтар санатына жатады. Халық санының көп болуына байланысты мұндай мамандар Астана мен Алматы қалаларында да жеткіліксіз. Ауылдық жерлерге жұмысқа барған тапшы мамандық иелеріне 8,5 миллион теңге көлемінде көтермеақы беріледі. Сонымен қатар соңғы жылдары дәрігерлердің жалақысы кезең-кезеңімен шамамен 30 пайызға өсті», – деді ол.

Осылайша көтермеақы ауылдық жерлерге жұмысқа орналасатын және мемлекет айқындаған тапшы мамандықтар тізіміне кіретін дәрігерлерге қарастырылған. Бұл тетік өңірлердегі кадр жетіспеушілігін азайтып, білікті мамандарды ауылдық елді мекендерге тартуды көздейді.

Back to top button