Жұмыссыз қалған қазақстандықтар мемлекеттен қалай көмек ала алады
Жұмысынан айырылғандарға қандай көмек бар

Қазақстанда жұмысынан айырылған азаматтар мемлекеттен әлеуметтік төлем алып қана қоймай, жаңа мамандық меңгеруге, субсидияланатын жұмыс орындарына орналасуға немесе кәсіпкерлік негіздерін үйренуге мүмкіндік алады. Алайда мұндай қолдауға қол жеткізу үшін алдымен жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, кейін ресми жұмыссыз мәртебесін алу қажет, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жұмыссыз ретінде қалай тіркелуге болады
Жұмысынан айырылған азамат ең алдымен жұмыс іздеуші ретінде тіркелуі керек. Мұны тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына барып немесе онлайн жасауға болады. Онлайн тіркелу үшін eGov.kz электронды үкімет порталы мен Enbek.kz Электрондық еңбек биржасы қолжетімді. Электронды қызметтерді пайдалану кезінде авторизациядан өтіп, қажет болған жағдайда электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдану талап етіледі.
Тіркелу үшін негізгі құжат – жеке куәлік. Жұмыс іздеуші ретінде есепке алынған азаматқа екі жұмыс күні ішінде лайықты жұмыс табылмаса, ол жұмыссыз ретінде тіркеледі.
Ресми жұмыссыз мәртебесі азаматқа бірқатар мемлекеттік қолдау шарасын пайдалануға мүмкіндік береді. Оның ішінде жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, кәсіптік оқыту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, субсидияланатын жұмыс орындарына жолдау және еңбек мобильдігін арттыру мақсатында ерікті қоныс аударуға жәрдемдесу бар.
Сонымен қатар әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан азамат жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алуға құқылы.
Жұмыссыздарға көмек қалай беріледі
Қазақстанда дәстүрлі мағынадағы «жұмыссыздық бойынша жәрдемақы» қарастырылмаған. Оның орнына Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындалады. Алайда бұл төлем барлық жұмыссыз азаматқа бірдей берілмейді. Оны алу үшін адам ресми жұмыс істеген кезеңде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар жүргізілген болуы қажет.
Төлемнің тағайындалу мерзімі әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты және 1 айдан 6 айға дейін созылуы мүмкін.
Ал әлеуметтік төлемнің мөлшері бұрынғы табыстың 45 пайызына дейін жетуі ықтимал. Оны есептеу кезінде азаматтың соңғы 24 айдағы әлеуметтік аударымдар жүргізілген табысы ескеріледі.
Сондықтан еңбекақының ресми көрсетілуі маңызды. Егер жалақының белгілі бір бөлігі еңбек шартынан тыс, қолма-қол немесе «конвертпен» берілсе, бұл қаражат әлеуметтік төлемді есептеу кезінде табыс ретінде ескерілмейді.
Жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемді кейін қайта алу мүмкіндігі де бар. Алайда оның нақты мөлшері мен төленетін мерзімі әлеуметтік аударымдардың жүргізілген кезеңіне және қолданыстағы есептеу тәртібіне байланысты болады. Осылайша, ресми еңбек шарты мен толық көлемде жүргізілген әлеуметтік аударымдар жұмыссыз қалған кезде азаматтың әлеуметтік қорғалуына тікелей әсер етеді. Бұл фактор болашақтағы зейнетақы төлемдерінің көлемі үшін де маңызды.