Алматы облысында полицейді өлтіріп, денесін өртеп кеткен: ұлы мен әйелі ұсталды

Оқиға Алматы облысы Кеген ауданында болған. Ажал құшқан азаматтың жеке басы анықталды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
МӘЙІТ ЖАНЫП КЕТКЕН
Мәлім болғандай, ол Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасында аға жедел уәкіл қызметін атқарған. Аслан Әлсеров есімді 37 жастағы қызметкер. Оның денесі “Көкпек – Көктал – Кеген” тасжолынан шамамен 400 метр қашықтан табылған. Бұл туралы полицияға мал іздеген шопан хабарлаған.
Мәйіт жанып кеткен. Ал оң қолынан күйіп кеткен арқан қалдықтары табылған.
ТЕРГЕУ ЖҮРІП ЖАТЫР
Тергеу дерегінше, қылмыс полицейдің қаладағы пәтерінде жасалған болуы мүмкін. Қылмыстың ізін жасыру үшін мәйітті өртеген. Қазір марқұмның жұбайы күдікке ілінді. Ол да осыған дейін полиция қызметкері болған. Оның іске қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Одан бөлек, 14 жастағы ұлы куәгер деп танылды. Тағы бір деректерге қарағанда ұлы мен әйелін полиция ұстаған.
Іс бастапқыда “кісі өлтіру” бабы бойынша тергелген. Кейінірек ауыр қылмыс құрамына қайта сараланған. Қазір тергеу жүріп жатыр.