Жетісу облысында екі Toyota Camry соқтығысып, бір адам қаза тапты
Жетісу облысында Алматы – Өскемен автожолының 171-шақырымында адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы болды.
Екі Toyota Camry автокөлігінің соқтығысуы салдарынан бір адам көз жұмып, тағы жеті адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Полицияның мәліметінше, аталған жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Camry көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, өзімен бір бағытта келе жатқан тағы бір Toyota Camry автокөлігімен соқтығысқан.
Жол апаты салдарынан көліктердің бірін басқарған 56 жастағы ер адам алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Тағы жеті адам түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілді.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері қажетті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Жол-көлік оқиғасының мән-жайы мен себептері қылмыстық іс аясында анықталуда.
Полиция жол қозғалысына қатысушыларды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
«Жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз сақтауға, жол және ауа райы жағдайын ескере отырып қауіпсіз жылдамдықты таңдауға, арақашықтықты сақтауға және көлік құралын басқару кезінде назарды басқа нәрсеге аудармауға шақырамыз. Жолдағы қауіпсіздік әрбір жол қозғалысына қатысушыға байланысты екенін ұмытпаңыздар», – деп атап өтті полиция.