Жеке табыс салығына қатысты өзгеріс: қазақстандықтарға нені білу керек
Қазақстанда жаңа Салық кодексінде көзделген жеке табыс салығы (ЖТС) бойынша жаңа салықтық шегерімдерді қолдану тәртібі түсіндірілді. Аталған мәселе Үкімет жанындағы Жобалық кеңсе отырысында қаралды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ӨЗГЕРІСТІҢ ТИІМДІЛІГІ НЕДЕ
Үкімет мәліметінше, жаңа Салық кодексі азаматтардың салықтық жүктемесін азайтуға бағытталған жаңартылған салықтық шегерімдер жүйесін енгізеді. Соның аясында ай сайын 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде базалық салықтық шегерім белгіленді. Биыл ол 129 750 теңге. Ал жылдық ең жоғары мөлшері 360 АЕК, яғни 1 557 000 теңге.
Бұл өзгеріс жеке табыс салығы есептелетін табыс көлемін азайтып, төленетін салық мөлшерін төмендетуге мүмкіндік береді.
АЙЛЫҚ ТАБЫС АЗ БОЛСА ШЕ
Бұдан бөлек, міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төленетін жарналар бойынша қолданыстағы салықтық шегерімдер сақталады.
Жиында қызметкердің айлық табысы базалық салықтық шегерім мөлшерінен төмен болғанда қандай тәртіп қолданылатыны да талқыланды. Бұған дейін қолданыста болған Салық кодексі пайдаланылмаған салықтық шегерім сомасын күнтізбелік жыл шегінде кейінгі айларға көшіруге мүмкіндік беретін. Дегенмен жаңа редакцияда бұл норма алып тасталған.
Яғни қызметкердің табысы базалық шегерімнен төмен болса, пайдаланылмаған бөлігі келесі айға ауыстырылмайды. Әр күнтізбелік ай бойынша салық жеке есептеледі.
ТҮЙІН
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері бұрынғы тәртіпті сақтап қалуды ұсынды. Алайда Мемлекеттік кірістер комитеті базалық салықтық шегерім ең алдымен табысы төмен азаматтарды қолдауға арналған ай сайынғы жеңілдік екенін жеткізді. Сондықтан ол әр айға жеке қолданылып, кейінгі салық кезеңдеріне көшірілмейді.
Түйіні сол, Мемлекеттік кірістер комитеті пайдаланылмаған базалық салықтық шегерімнің келесі айларға ауыстырылмайтынын түсіндіретін құжат әзірлейді.