TOP-2Сараптама

Жаңа Конституциядағы Миранда қағидаты қай жағдайда көмектеседі

Көшеде сізді полиция тоқтатып, бөлімшеге жеткізетінін айтты дейік. Ең бірінші не істеу керек? Адвокатты қашан талап етуге болады? Алғашқы эмоциямен берген жауаптың зардабы қандай? Полиция бөлімшесінде екеніңізді жақындарыңызға хабарлауға құқығыңыз бар ма? 1 шілдеден бастап күшіне енген Конституциядағы өзгерістер осы сұрақтардың бәріне нақты жауап береді. Аталған нормалар бұған дейін тек Қылмыстық-процестік кодексте жазылған болса, енді Ата заң арқылы бекітілген, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Алғашқы 48 сағаттың әсері

Көшеде сақшы тоқтатып, бөлімшеге алып кетсе, көп адам «полиция ұстады» деп ойлайды. Алайда заң тұрғысынан полиция бөліміне жеткізу мен ресми ұстау – екі түрлі рәсім. Олардың құқықтық салдары да, азаматтың құқықтары да әртүрлі. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің 2025 жылғы есебі көрсеткендей, елімізде тергеу органдарының әрекеттеріне қатысты шағымдар азаймай отыр.

Биыл 1 шілдеден бастап Конституцияға енгізілген өзгерістердің бірі дәл осы мәселеге қатысты. Енді Конституцияның 18-бабында ұсталған адамға оның не үшін ұсталғанын және қандай құқықтары бар екенін бірден түсіндіру міндеті бекітілді. Бұл халықаралық тәжірибеде кең тараған Миранда қағидатына сәйкес келеді.

Бұл қағиданың тарихы 1966 жылдан басталады. Эрнесто Миранда есімді адам күдікті ретінде бірнеше сағат бойы адвокатсыз жауап беріп, кейін сол жауап оның сотталуына негіз болған. Кейін АҚШ Жоғарғы соты күдіктіге өз құқықтарын түсіндірмей алған жауап әділ сот талаптарына сәйкес келмейді деген шешім шығарады. Осы оқиғадан кейін АҚШ-та полиция әрбір ұсталған адамға үндемеуге, адвокат шақыруға құқығы бар екенін және айтқан сөздерінің сотта дәлел ретінде пайдаланылатынын ескертуге міндеттелді. Кейін бұл талап көптеген демократиялық мемлекеттердің қылмыстық процесінің маңызды стандартына айналды.

Қазақстандағы жаңа конституциялық норма осы халықаралық тәжірибеге барынша жақындатылған.

Осы жерде көпшілік шатастыратын екі ұғым бар.

Біріншісі – полиция бөліміне жеткізу. Бұл құқық қорғау органдары адамның құқық бұзушылыққа қатысы бар-жоғын анықтау үшін оны бөлімшеге апаратын рәсім. Бұл процесс үш сағаттан аспауға тиіс. Осы уақыт ішінде адамның құқық бұзу фактісіне қатысы дәлелденбесе, полиция оны босатуға міндетті.
Ал ұстау – адамға нақты қылмыс жасады деген күдік келтірілгеннен кейін басталатын процестік шара. Дәл осы кезден бастап Конституцияда бекітілген кепілдіктер күшіне енеді.

Полиция қызметкері ең алдымен сіздің қандай қылмысқа күдікті екеніңізді айтуға міндетті. Сонымен қатар үндемеуге құқығыңыз бар екенін, қорғаушы шақыра алатыныңызды және айтқан әрбір сөзіңіздің кейін сотта дәлел ретінде қолданылуы мүмкін екенін түсіндіруі тиіс.

Көпшілік үндемеу құқығын «полициямен мүлде сөйлеспеу» деп түсінеді. Шын мәнінде оның мәні басқа. Азамат адвокат келгенге дейін өзіне қарсы пайдаланылуы мүмкін түсініктемелер бермеуге құқылы. Заңгерлер дәл алғашқы сағаттарда эмоциямен берілген жауаптардың кейін айыптаудың негізгі дәлеліне айналуы жиі кездесетінін айтады. Сондықтан тәжірибеде ең дұрыс әрекет – «Адвокат келгеннен кейін ғана жауап беремін» деп мәлімдеу.

Ұсталған адамның тағы бір маңызды құқығы бар. Ол өзінің қайда екенін туыстарына немесе жақындарына телефон арқылы хабарлай алады. Егер мұндай хабарласу тергеуге кедергі келтіреді деп есептелсе, құқық қорғау органы жақындарына өзі хабарлауға міндетті.

Сондай-ақ, адам адвокатпен алғашқы жауап алуға дейін оңаша кездесуге құқылы. Егер ұсталған адам қорғаушыны өзі жалдай алмаса, мемлекет тегін адвокат ұсынуға міндетті.

Ұстаудың да нақты мерзімі бар. Жалпы тәртіп бойынша тергеушілер адамды сот санкциясынсыз 48 сағаттан артық ұстай алмайды. Кәмелетке толмағандарға бұл мерзім 24 сағат. Тек терроризм, жаппай тәртіпсіздік, есірткінің заңсыз айналымы сияқты ерекше ауыр санаттағы істер бойынша ғана заң 72 сағатқа дейін ұстауға мүмкіндік береді.

Адамды ұстаған кезде міндетті түрде хаттама жасалады. Онда ұстаудың нақты уақыты, себебі және азаматтың құқықтары түсіндірілгені көрсетілуге тиіс. Әсіресе нақты уақыттың дұрыс жазылғанын мұқият тексерген жөн. Өйткені дәл сол уақыттан бастап заңда белгіленген мерзім есептеле бастайды.

Статистика не дейді

Бұл құқықтардың қаншалықты өзекті екенін ресми статистика да көрсетеді. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің 2025 жылғы есебіне сүйенсек, бір жылдың ішінде тергеу органдарының әрекеттері мен әрекетсіздігіне байланысты 1 429 шағым түскен. Оның ішінде 143 адам ұстаудың заңдылығына шағымданса, 71 азамат қысым көрсету және кінәні мойындатуға мәжбүрлеу туралы хабарлаған.

Омбудсменнің араласуымен 21 жағдайда азаматтардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілген.

Бұл тақырып жаңа Ата заң күшіне енбей тұрып БАҚ-та көп талқыланды. Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев заңнамада бар Миранда қағидаты нормаларының Конституцияға енуі азаматтарға не беретінін былай түсіндірген болатын:

Мәди Мырзағараев

“Басына іс түскен адамды абдырау, үрей, қорқыныш сияқты сезімдер билейтіні анық. Сол кезде келген полицей немесе басқа да күштік құрылым өкілдері оған «Біткен жерің осы, енді түрмеге қамаласың» деген сөздермен қысым көрсеткенінен гөрі, «Үнсіздік сақтауға құқығыңыз бар, өзіңізге қарсы айғақ бермеуге құқылысыз, адвокаттың көмегіне жүгіне аласыз» деп құқықтарын түсіндіргені жақсырақ. Сонда ол жердегі атмосфера да өзгеріп, азаматта сенім пайда болады. «Миранда қағидаты» өміршеңдігін дәлелдеген. Дамыған елдерде ондаған жыл бойы қолданылып келе жатыр. Қарапайым болып көрінгенмен, азаматтарға беретіні көп. «Миранда қағидаты» арқылы адамдарға құқығын түсіндірудің арқасында талай кісі өзінің құқығын, бостандығын қорғап шығуы әбден мүмкін, – дейді сарапшы.

Back to top button