Жаңа жылдан бастап 550 мың адам әлеуметтік көмектің 14 түрін ала алмайды
Қазақстанда азаматтарға әлеуметтік төлем тағайындау кезінде олардың тұрмыстық жағдайы мен табысы ескерілмек. Жаңа тәсілге сәйкес, А және В санатындағы азаматтарға әлеуметтік төлемнің 36 түрінің 22-сі қолжетімді болады. Ал С, D және Е санатындағы азаматтар барлық 36 төлем түрін ала алады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қазақстанда әлеуметтік төлемдер кімдерге шектеледі
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта әлеуметтік көмек алушылар бес санатқа бөлінеді. Олардың әрқайсысының әлеуметтік жағдайы мен мемлекеттік қолдауға мұқтаждық деңгейі ескеріледі.
Асқарбек Ертаев келтірген мәліметке сәйкес:
- А санатында – 77 мың адам;
- В санатында – 475 мың адам;
- С, D және Е санаттарында – шамамен 2,7 миллион адам бар.
«Бізде қазір А санатында 77 мың адам әлеуметтік төлем алады. Б санатында 475 мың адам әлеуметтік төлем алады. Қалған 2 700 000-дай адам С, Д, Е санаттарына жатады. Оларға енді әлеуметтік төлемдер жағын күшейту жолдарын қарастыру керекпіз, сол себепті ол қағида қазір А, Б санатына бөлінді», – дейді Асқарбек Ертаев.
Отбасының жағдайы 59 көрсеткіш бойынша бағаланады
Асқарбек Ертаевтың айтуынша, азаматтарды белгілі бір санатқа жатқызу кезінде олардың табысы ғана есепке алынбайды.
«Оның ішінде табыс қана емес, 59 көрсеткіш бар. Әр отбасы 59 көрсеткішпен белгіленеді. А, Б санаты 36 әлеуметтік төлемнің түрлерінен тек 14-ін алмайды, қалған 22-сін ала береді. Ал С, Д, Е санаты 36 әлеуметтік төлем түрлерінің барлығын ала береді», – дейді министр.
Бұл тәсіл әлеуметтік көмекті азаматтардың нақты мұқтаждық деңгейіне қарай бөлуге бағытталған.
Министрдің сөзінше, С, D және Е санаттарына жататын шамамен 2,7 миллион адамға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шараларын күшейту жолдары қарастырылуы қажет.
Еске салсақ, бұған дейін 2027 жылдан бастап жәрдемақы тағайындау өзгеретінін, сарапшы үш маңызды шартты атағаны туралы жаздық.