Павлодарда прокуратура қызметкері қағып кеткен әйел қайтыс болды
Павлодарда прокуратура қызметкері көлікпен қағып кеткен 60 жастағы әйел қайтыс болды. Осыған байланысты қылмыстық іс қайта сараланды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жәбірленуші 2026 жылғы 23 тамызда қайтыс болған. Осыған байланысты іс қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігіне қайта сараланған. Бұл бап көлік жүргізушісінің жол қозғалысы ережелерін бұзып, абайсызда адам өліміне әкеп соғуын көздейді.
Жүргізушіге қатысты келу туралы міндеттеме түріндегі процестік мәжбүрлеу шарасы қолданылған.
Тергеу аясында сыртқы бейнебақылау камераларының жазбалары алынған. Полиция оқиғаның мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын хабарлады. Түпкілікті процестік шешім сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесі бойынша қабылданады.
Көлікті прокуратура қызметкері басқарған
Жол апаты 13 тамыщзда Павлодардағы Нұрмағамбетов пен Қамзин көшелерінің қиылысында болған. Көлік қағып кеткен 60 жастағы әйел Сұлтанов атындағы облыстық клиникалық ауруханаға жеткізілген.
Бастапқыда сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қылмыстық кодекстің 345-бабының 2-бөлігі бойынша басталған.
Көлік тізгінінде прокуратура қызметкері болғанын облыстық прокуратура растаған.