$ 454.14 € 509.23 ₽ 5.41
Жаңалықтар

2,4 млн теңге жалақы: Қазақстанда ең табысты дәрігерлер белгілі болды

Қазақстанда ең жоғары жалақы алатын дәрігерлік мамандықтар анықталды. 180-нен астам мамандықтың ішінде тек үш бағыт бойынша орташа айлық жалақы 1 млн теңгеден асады. Ал екі мамандық өкілдерінің орташа табысы 2 млн теңгеден жоғары. Бұл туралы Бірінші кредиттік бюроның сарапшылары мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қазақстанда қай дәрігерлер ең көп жалақы алады

Сарапшылардың мәліметінше, ең жоғары жалақы алатын мамандар рейтингінде жақ-бет хирургтері көш бастады. Олардың орташа айлық жалақысы 2,4 млн теңгені құрайды.

Екінші орында пластикалық хирургтер тұр. Бұл мамандардың орташа айлық табысы 2,1 млн теңгеге жеткен.

Үшінші орынға цитопатологтер жайғасты. Жасушаларды зерттеу арқылы түрлі ауруларды анықтаумен айналысатын бұл мамандардың орташа жалақысы 1,3 млн теңгені құрайды.

Ең жоғары жалақы алатын дәрігерлік мамандықтардың алғашқы ондығына мына бағыттардың өкілдері де енген:

  • Төтенше жағдайлар және апаттар медицинасының дәрігерлері;
  • Комбустиологтер (күйік жарақаттарын емдейтін мамандар);
  • Кардиологтер;
  • Рентгенохирургтер;
  • Кардиохирургтер;
  • Ангиохирургтер.

Аталған мамандардың орташа айлық жалақысы 729 мыңнан 864 мың теңгеге дейін жетеді.

Дәрігерлердің жалақысы қалай есептелді

Рейтинг 2026 жылғы сәуірде денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарында жүргізілген іріктемелі зерттеу нәтижелеріне негізделген.

Зерттеуге барлық ірі кәсіпорындар, сондай-ақ орта және шағын ұйымдардың бір бөлігі қамтылған. Алайда шағын кәсіпкерлік субъектілері іріктемеге енгізілмеген. Бірінші кредиттік бюро сарапшылары рейтингтегі көрсеткіштердің зерттеуге қатысқан ұйымдар мен қызметкерлер құрамына тікелей байланысты екенін атап өтті.

Мәселен, кәсіпорындағы қызметкерлер саны неғұрлым көп болса, зерттеуге олардың соғұрлым аз бөлігі қатысады. Егер мекемеде 5 мың адам жұмыс істесе, олардың әрбір жүзіншісінің жалақысы есепке алынады, сондықтан рейтингтегі өзгерістерді дәрігерлердің нақты табысы күрт өсті деп біржақты түсіндіруге болмайды. Сонымен қатар, зерттеуде салықтар мен міндетті аударымдар ұсталмағанға дейінгі есептелген жалақы көрсетілген. Яғни мамандардың қолына алатын нақты сомасы бұдан төмен болуы мүмкін.

Былтыр ең жоғары жалақыны қай дәрігерлер алған

2025 жылы ең жоғары жалақы алатын дәрігерлер рейтингінде кардиохирургтер бірінші орында болған. Олардың орташа айлық табысы 1 млн теңгені құраған. Ал биыл көш бастаған жақ-бет хирургтері мен пластикалық хирургтер былтыр алғашқы жүздікке де енбеген. Ол кезде аталған мамандардың орташа жалақысы 500 мың теңгеден аспаған.

Сарапшылар бір жыл ішіндегі мұндай елеулі айырмашылықты зерттеудің іріктемелі сипатымен байланыстырады. Демек, рейтингтегі орындардың ауысуы медициналық мамандардың жалақысы бір жылда бірнеше есе артқанын міндетті түрде білдірмейді.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button