+25 градус жылы, үсік және қар: демалыс күндеріне арналған ауа райы болжамы
Синоптиктер 16, 17 және 18 қазан күндеріне арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жаңбыр жауып, көктайғақ болады
«Қазгидромет» болжамына сәйкес, алдағы бірнеше күнде ел аумағында жаңбыр мен қар жауып, түнде үсік жүреді. Дегенмен аймақтарда ауа температурасы +25 градусқа дейін көтеріледі.
Синоптиктер ақпаратынша, атмосфералық фронттар өтуінен елдің басым бөлігінде жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын болады. Шығыс пен оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында қар, ал батыста жаңбыр жаууы ықтимал.
Ұлытау облысында ғана жаңбыр болмайды деп отыр.
Республика бойынша кей жерде тұман түсіп, шығыста көктайғақ болады. Сонымен қатар түнде елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында -1…-7 градусқа дейін үсік жүреді деп болжанады.
Өңірлерде күн суыта ма
- Батыста күндіз жылы болады – +18-ден +25 градусқа дейін.
- Солтүстік-батыста түнде температура -1…-6 градусқа дейін төмендеп, күндіз +15…+20 градусты құрайды.
- Солтүстікте түнде 0-ден +5 градусқа дейін жылы болып, кейін -1…-6 градусқа дейін суытады. Күндіз температура +6…+12-ден +12…+17 градус аралығында құбылады.
- Орталық өңірлерде күндізгі температура +10…+20 градус болады деп болжанды.
- Шығыс өңірде түнде 0-ден +5 градусқа дейін жылы болып, артынша -1…-6 градусқа дейін төмендейді деп күтіледі. Күндіз ауа +3…+12 градусқа дейін жылынады, ал таулы аймақтарда температура -2 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.
- Оңтүстікте түнде +2…+7 градус, күндіз +18-ден +25 градусқа дейін болады деп болжанады.
Синоптиктер оңтүстік-шығыста күндіз +10…+18 градус, таулы аймақтарда +3…+8 градус жылы болады деп отыр.