«Трамп бізді қиын жағдайда қалдырды»: Чехия премьері Путинмен келісімді сынға алды

Чехия премьер-министрі Андрей Бабиш АҚШ президенті Дональд Трамптың Владимир Путинмен ресейлік дизель отынын жеткізу жөнінде келісуін сынға алды. Оның пікірінше, Еуропа Украинадағы соғысты тоқтатуға қатысты үдерістерден шет қалып отыр және белсендірек әрекет етуі керек, деп хабарлайды Tizgin.kz CNN Prima NEWS-ке сілтеме жасап.
«Еуропа шетте қалып отыр»
Бабиш бұл мәлімдемені 16 қазанда Брюссельдегі Еуропалық одақ саммиті аясында журналистерге жасаған. Оған Украина президенті Владимир Зеленский Трампқа қатысты сынын жұмсартуы керек пе деген сұрақ қойылған.
Чехия үкіметінің басшысы Еуропаның жеткілікті белсенділік танытпай отырғанын айтып, бейбітшілікке ұмтылу Мәскеудің талаптарын қабылдауды білдірмейтінін атап өтті.
«Бәріміз бейбітшілікті қалаймыз деп ойлаймын. Бейбітшілік Ресейдің қандай да бір ұстанымдарын қабылдау деген сөз деп отырған жоқпын. Бірақ соғыс жалғасып, Еуропа шетте қалып отыр. Ал Трамп Путинмен осы келісімді жасасып, іс жүзінде бізді қиын жағдайда қалдырды. Біз бірдеңе істеуіміз керек», – деді Бабиш.
Дизель келісімі неге сынға ұшырады
Өткен аптада Трамп Путинмен телефон арқылы сөйлескеннен кейін Ресейдің АҚШ пен әлемдік нарыққа 300 мың тоннадан астам дизель отынын жеткізетіні туралы мәлімдеген. Кейінгі айларда жеткізу көлемін ұлғайту жоспарланған.
Бұл келісім Украина мен Еуропаның бірқатар елінде сынға ұшырады. Чехияның ČTK агенттігі танысқан Еуропалық кеңес қорытындысының жобасында АҚШ-тың ресейлік дизельге қатысты санкцияларды уақытша тоқтату шешіміне өкініш білдірілген.
Бұған дейін Tizgin.kz Трамптың Зеленскийді келісімге келуге ниеті жоқ деп сынап, Украинаны күйретті деп айыптағанын жазған еді.