“Ұлымды ұрып, аузына балық тықты”: Алматыда жасөспірімдер бұзақылығы бойынша тексеріс басталды
Алматы тұрғыны жасөспірімдердің ұлы мен одан кіші балаларға ұзақ уақыт әлімжеттік көрсеткенін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
“Бүкіл аула қорқынышта өмір сүрді”
Мәлім болғандай, оқиға Тастақ ауданында болған.
“Ұлым 11 жаста. Баламның үй ауласында жүріп не көргенін елестетіңіздерші… 13-14 жастағы жасөспірімдер бір айдан астам уақыт балаларға әлімжеттік көрсеткен. Ұлымның іші мен бүйрек тұсынан ұрып, балағаттаған. Сайраннан аулап, аулаға әкелген шикі балықты оның аузы мен құлағына тыққан. Мұны басқа балалар да көрген. Олар балаларды бір-бірімен төбелесуге мәжбүрлеп, бүкіл аула қорқынышта өмір сүрді”, – деп жазды Threads қолданушысы.
Басқа ата-аналар да арыз жазған
Әйел балалардың осы жасөспірімдерден көрген қысымы туралы айтқан видеосын да жариялаған. Видеода балалар жасөспірімдердің оларды қорқытып, өз достарын ұруға мәжбүрлегенін жеткізген.
Оның сөзінше, ол басқа ата-аналармен бірге полицияға арызданды. Бірақ бірнеше күн бойы олармен ешкім байланыспаған.
Аталған жағдай көпшілік арасында әп-сәтте қызу талқыланды. Желі қолданушылары кәмелетке толмаған бұзақыларды жасөспірімдерге арналған колонияға қамап, зәбір көрсеткендердің заң бойынша жазалануын орынды санады.
Полиция тексеріс жүргізіп жатыр
Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері осы факті бойынша Алмалы аудандық полиция басқармасына қарасты полиция бөлімі тексеру жүргізіп жатқанын алға тартты. Соған сенсек, оқиғаның мән-жайы жан-жақты зерттеліп, оған қатысқандардың барлығы анықталады.
Құқыққа қайшы әрекеттер расталса, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне қатысты заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады. Сонымен қатар жасөспірімдерді белгіленген тәртіппен профилактикалық есепке қою мәселесі қаралады”, – делінген ақпаратта.