Жаңа инновациялық саясат: Жекелеген жобадан – тұтас экожүйеге
Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың қарқыны әлем елдерін индустриялық-инновациялық саясатын қайта қарауға мәжбүрлеп отыр. Заманның бұлтартпас талабына дер кезінде ден қойған елдердің қатарында Қазақстан да бар, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Кейінгі жылдары өңдеу өнеркәсібінде инновацияға жұмсалған шығындар 4,5 есе өсіп, 1,9 трлн теңгеге жетті.
Бұрын инновацияны жекелеген жобалар арқылы дамыту талпынысы болса, енді тұтас экожүйе құру саясаты алға шықты. Мысалы, Astana Hub базасында 2000-нан астам IT-компания, 100-ден аса өнеркәсіп кәсіпорны және 900 ғылыми ұйым тіркелген. Соның арқасында технологияларды коммерцияландыру көлемі 35 млрд теңгеден асса, жалпы экономикалық әсері 53 млрд теңгеге жетіп отыр.
Өңірлер де нақты нәтиже бере бастады. Қарағанды облысында кәсіпорындар 124 млрд теңгенің инновациялық өнімін шығарды. Оның 84 млрд теңгесі экспорттан түсті. Осылайша ғылым мен өндірістің байланысы қағаздан нақты зауыттарға көшіп, нақты ақша мен экспортқа айналып отыр.
Үкімет бағытты жүйелі түрде күшейте түсуге мүдделі. «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң, Цифрлық кодекс, басқару принциптері конституциялық заңмен реттелетін, қарқынды дамитын» Alatau қаласы, Индустрия 4.0 кооперациясы – оның дәлелі. Сонымен қатар, өндірісті роботтандырып, жасанды интеллектіні енгізу арқылы еңбек өнімділігін арттыруға бас мән беріліп отыр.
Цифрлық инфрақұрылымды дамыту индустриялық саясаттың ажырамас бөлігіне айналды. Бүгінде кәсіпорындарда өндірістік процестерді нақты уақыт режимінде бақылау, деректерді талдау және автоматтандыру жүйелері кеңінен енгізіліп жатыр.
Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы 2024 жылы Қазақстанның жаһандық инновация индексіндегі орнын бірнеше сатыға көтерген болатын.
Әсіресе инвестиция көлемінің тұрақты әрі жоғары қарқынмен дамып жатқанын айту керек. Қазақстанның аймақтық деңгейдегі позициясын күшейтіп келе жатқанын көріп отырмыз. Жаңартылатын энергия бағытындағы ілгерілеу айтарлықтай, – деді ұйымның өкілі Саша Вунш-Винсент.
Инновация нарықпен байланысқанда ғана экономикалық нәтиже береді. Осы тұрғыда мемлекет ғылым, бизнес және өндіріс арасындағы байланысты күшейтуге басымдық беріліп отыр.