TOP-2Жаңалықтар

Жамбылда сот екі ірі компанияны әйелге зейнет жасына дейін 177 мың теңге төлеуге міндеттеді

«Қазпошта» мен «Қазақтелеком» зардап шеккен әйелге айына 177 мың теңге төлейді

Жамбыл облысында ғимараттың шатыры құлап, ауыр жарақат салдарынан I топтағы мүгедек болып қалған әйел сот арқылы өтемақы өндіріп алды. Сот шешіміне сәйкес, «Қазпошта» мен «Қазақтелеком» компаниялары зардап шеккен әйелге зейнет жасына жеткенге дейін ай сайын 177 мың теңге төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Оқиға 2023 жылдың мамыр айында Жамбыл облысы Жамбыл ауданына қарасты Аса ауылында болған. Қатты жел салдарынан «Қазпошта» және «Қазақтелеком» акционерлік қоғамдарына тиесілі ғимараттың шатыры ұшып, әйелдің үстіне құлаған. Салдарынан зардап шеккен ол ауыр дене жарақатын алып, I топтағы мүгедек болып қалған. Дәрігерлер оның еңбекке қабілеттілігінен айырылу деңгейін 90 пайыз деп бағалаған.

2024 жылдың қазан айында Жамбыл аудандық соты әйелдің талап-арызын қарап, «Қазпошта» компаниясынан оның пайдасына 8,5 миллион теңгеден астам материалдық шығын және 10 миллион теңге моральдық өтемақы өндіру туралы шешім шығарған. Кейін материалдық шығын мөлшері 4,3 миллион теңгеге дейін азайтылған.

Алайда әйелдің денсаулығын қалпына келтіруге байланысты шығындары мұнымен тоқтамаған. Ол емделуге, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар сатып алуға, сондай-ақ қосымша емдік шаралардан өтуге қаражат жұмсауға мәжбүр болған. Осыған байланысты зардап шегуші сотқа қайта жүгініп, емделуге, қоныс аударуға және денсаулығын қалпына келтіруге кеткен қосымша шығындарын өтеуді талап еткен.

Екі компания әйелге өтемақы төлейді

Сот материалдарына сәйкес, әйел оқиғаға дейін әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істеген. Оның ай сайынғы табысы 189 мыңнан 218 мың теңгеге дейін жеткен. Ауыр жарақат салдарынан еңбек ету мүмкіндігінен айырылған әйел соттан жоғалтқан табысының өтемақысы ретінде ай сайын 218 мың теңге өндіріп беруді сұраған. Жамбыл аудандық соты ұсынылған құжаттарды зерделеп, зардап шегушінің емделуге жұмсаған шығындары өтелуге тиіс деген қорытындыға келген.

«Еңбекке қабілеттілігінен айырылу деңгейін (90 пайыз) ескере отырып, сот жоғалтқан табысының өтемақысын ай сайын 177 мың теңге мөлшерінде белгіледі. Жауапкерлер бұл соманы талап қоюшы зейнет жасына жеткенге дейін ай сайын төлеуге міндеттелді. Сонымен қатар «Қазпошта» және «Қазақтелеком» акционерлік қоғамдарынан ортақ жауапкершілік тәртібімен 1,4 миллион теңгеден астам материалдық шығын мен мемлекеттік баж өндірілді», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Екі компания сот шешімімен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Алайда Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды. Осылайша, зардап шеккен әйелдің пайдасына шығарылған сот актілері заңды күшіне енді.

Back to top button