Жамбыл облысында жол апатынан төрт адам қаза тапты
20 қыркүйекте Меркі ауданының Қостоған ауылында TANK 500 және ВАЗ-2107 көліктері соқтығысып, төрт адам қаза тапты. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Tizgin.kz полицияға сілтеме жасап.
Жол апаты қалай болған
Алдын ала мәлімет бойынша, TANK 500 көлігін тізгіндеген әйел қарсы бағыттағы жолаққа шығып, ВАЗ-2107 көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан ВАЗ жүргізушісі мен жол талғамайтын көліктегі үш жолаушы қаза тапты. TANK 500 жүргізушісі аудандық ауруханаға жеткізілді.
Полиция көлік тізгіндеген әйелдің ішкі істер органдарының қызметкері емес екенін нақтылады.
Тергеу облыстық полицияның бақылауында
Қылмыстық іс Жамбыл облысының полиция департаментіне берілді. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Тергеу барысы департамент басшылығының бақылауында. Оның қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процестік шешім қабылданады.