Иран әскері Ормұз бұғазында америкалық дронды қолға түсіргенін мәлімдеді
Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының Әскери-теңіз күштері Ормұз бұғазының кіреберісінде АҚШ Қарулы күштеріне тиесілі суасты дронын қолға түсіргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Иранның IRIB News телеарнасының хабарлауынша, сөз америкалық Anduril Industries компаниясы әзірлеген Dive-LD суасты аппараты туралы болып отыр.
АҚШ әскері дронды 2025 жылы қабылдаған
Иран тарапының мәліметінше, Dive-LD АҚШ Әскери-теңіз күштерінің қару-жарағына 2025 жылы қабылданған. Аппарат су астында автономды жұмыс істеуге арналған заманауи технологиялармен жабдықталған.
Иран әскері америкалық аппаратты қолға түсіру үшін барлау және арнайы операция жүргізілгенін мәлімдеді. Алайда операцияның нақты қалай өткені және дронның қандай жағдайда Иран күштерінің қолына түскені туралы егжей-тегжейлі ақпарат берілмеген.
Бұған дейін Иран күштері АҚШ-қа тиесілі тағы бір ұшқышсыз суүсті аппаратына шабуыл жасағанын хабарлаған.
Ормұз бұғазы – Парсы шығанағын Оман шығанағы және Араб теңізімен жалғайтын стратегиялық теңіз жолы. Сондықтан аймақтағы әскери сипаттағы кез келген оқиға халықаралық назарға ілігеді.