Жаңалықтар

Ипотека ережелері өзгерсе де, несие беру кезінде әсері сезілмейді – сарапшы

Банктер базалық мөлшерлеме, қаржы ресурстарының құны мен қарыз алушының тәуекеліне қарайды, деп хабарлайды Tizgin.kz BES.media-ға сілтеме жасап.

НЕ ӨЗГЕРЕДІ

Келер жылдың 1 қаңтарынан Қазақстанда ипотекалық несиелер бойынша шекті сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) тұрғын үйдің кепілдік құны турасында несие сомасын көрсететін LTV (Loan-to-Value) коэффициентіне қарай белгіленеді.

BES.media басылымы Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығынан (ҚҚҚ) жаңа талаптардың ипотекалық өтінімдерді мақұлдау деңгейіне ықпалы қандай болатынын сұрады.

ҚҚҚ-ның бас сарапшысы Рамазан Досовтың айтуынша, банктер қазірдің өзінде LTV коэффициентін несие беру кезінде негізгі көрсеткіштердің бірі ретінде пайдаланып келеді. LTV – несие сомасының кепілге қойылған мүлік құнына пайыздық қатынасын білдіретін көрсеткіш.

Оның сөзінше, бұл коэффициент банктерге несиелік тәуекелді бағалап, резервтерді қалыптастырып, капитал жеткіліктілігін есептеп, несиелеу талаптарын айқындау кезінде қажет.

«Сондықтан шекті жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) LTV деңгейіне әкімшілік тұрғыдан байланыстыру банктердің тәуекелдерді басқару тәсілін түбегейлі өзгертпейді. Яғни, реттеуші нарықта бұрыннан қалыптасқан тетікті нормативтік реттеу деңгейіне ғана шығарып отыр», – деді сарапшы.

САРАПШЫ ПІКІРІ

Рамазан Досов пікірінше, реттеушінің барлық ипотекалық несие үшін бірыңғай 20 пайыздық шекті мөлшерлеме енгізу туралы бастапқы ұсыныстан бас тартып, LTV деңгейі жоғары несиелер үшін 25 пайыздық шекті мөлшерлемені сақтап қалуы – нарықтық ипотеканың толық қысқарып кету қаупін азайтатын қадам.

Оның сөзәінше, бұл – бір жағынан ипотекалық несиенің қолжетімділігін сақтауға, екінші жағынан азаматтарды жоғары бастапқы жарна жинауға ынталандыратын біртіндеп енгізілетін жұмсақ шешім. Сонымен бірге, көптеген жас отбасы үшін тұрғын үй құнының кемінде 30 пайызы көлемінде бастапқы жарна жинау әлі де баспана алудағы ең үлкен кедергілердің бірі болып отыр.

Сол себепті кейбір әлеуетті сатып алушы төменгі шекті мөлшерлемені пайдалана алмай, не пайыздық мөлшерлемесі жоғары ипотека рәсімдеуге мәжбүр болуы мүмкін

Сарапшы сөзінше, ЖТСМ-ді LTV көрсеткішіне байланыстыру банктердің қаржы тарту құнының жоғары болуы мәселесін шешпейді. Сондықтан нарықтық ипотеканың көлеміне бұрынғыдай үш негізгі фактор ықпал етеді:

  • Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі;
  • банктердің қаржы ресурстарының құны;
  • қарыз алушылардың төлем қабілеті мен несиелік тәуекелі.

ЖАҢА НОРМАЛАР ЕНГЕНШЕ БАНКТЕР ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы жаңа талаптардың ипотекалық несие беру көлеміне айтарлықтай әсер етеді деп күтпейді.

Біріншіден, жаңа нормалар тек 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Осы уақытқа шейін банктер қолданыстағы ЖТСМ талаптары бойынша жұмысын жалғастырады.

Екіншіден, нарықтық ипотека үлесі қазірдің өзінде айтарлықтай төмендеген. 2026 жылдың бірінші тоқсаны қорытындысында жаңа ипотекалық несиелердің небәрі 15 пайызы ғана нарықтық бағдарламалар арқылы берілсе, қалған 85 пайызы мемлекеттік жеңілдетілген бағдарламалар үлесіне тиесілі. Сондықтан нарықтық ипотека көлемі аз-маз қысқарғанның өзінде, оның жалпы ипотекалық несиелеу көлеміне әсері бұрынғы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда төмен болады.

Сонымен қатар, осы жылдың бірінші тоқсанында ипотекалық өтінімдерді мақұлдау деңгейі 22,5 пайызды құрап, былтырғы 23,6 пайыздан төмендеген. Бұл көрсеткіш соңғы жылдардағы ең төменгі деңгейлердің бірі саналады.

«Бұл банктердің бұрынғыдай қарыз алушылардың төлем қабілетін қатаң бағалап, несие көлемін көбейтуден гөрі, несие портфелінің сапасын сақтауға басымдық беріп отырғанын көрсетеді», – деді Рамазан Досов.

Back to top button