TOP-1Жаңалықтар

«Халық сүйіктісі»: Базарбек «2026 жылдың ең үздік Парламент депутаты» атанды

Экс-депутат Бақытжан Базарбек «Халық сүйіктісі» ұлттық премиясында «2026 жылдың ең үздік Парламент депутаты» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

“Халықтың мүддесін бірінші орынға қоятын мен үшін бұл марапаттың орны ерекше. Өйткені бұл – халықтың маған берген бағасы, еңбегіме көрсеткен құрметі. Жалпы, «Халық сүйіктісі» ұлттық премиясында «Жылдың үздік Парламент депутаты» атануым – бірінші рет емес. 2023 жылы қазіргі Ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовамен бірге «2023 жылдың үздік Парламент депутаты» атанған едік. Ал 2024 және 2025 жылдары да осы байқаудың финалына дейін жеттім. Мұның бәрі – мені сыйлап, құрметтейтін, еңбегіме жоғары баға беріп, ақ пен қараны ажырата білетін халқымның арқасы. Біз үшін марапаттың өзі маңызды емес. Ең бастысы – Парламентте атқарған еңбегіміз, халық үшін жасаған игі істеріміз елдің тұрмыс-тіршілігін жақсартуға, сыбайлас жемқорлықты азайтуға, әділетті қоғам қалыптастыруға қаншалықты ықпал етті? Маңыздысы – осы!” – дейді Бақытжан Базарбек.

Экс-депутат 2026 жылы да көптеген шаруа атқарғанын, олардың барлығын жақын арада жеке-жеке тарқатып айтатынын жеткізді.

“Биліктің сүйіктісі болмасам да, халқымның сүйіктісі болуға тырыстым. Сол сара жолда талай сыннан өтсем де, халқымның мүддесі әрдайым жүрегімнен орын алды. Бүгінгі марапат – соның бір дәлелі деп білемін. Өкінішке қарай, елімізде заңдылық пен әділеттілікті қалыптастыру жолында атқаруды жоспарлаған жұмыстарымның барлығын аяқтап үлгермедім. Ол үшін, халқым, ұлдарыңызды сөкпеңіздер! Алдағы уақытта Құрылтайдың жаңа депутаттарымен бірге заңдарымызды жетілдіруге, ел мүддесіне қызмет ететін бастамаларды жалғастыруға атсалысамыз”, – дейді ол.

Базарбек өзі күшін, білімі мен кәсіби тәжірибесін осы игі жолға жұмсайтынын айтты.

 

Back to top button