Германиялық METRO Қазақстандағы барлық дүкенін жабады
Штаб-пәтері Германияның Дюссельдорф қаласында орналасқан халықаралық METRO AG сауда желісі Қазақстан аумағындағы қызметін толық тоқтататынын ресми түрде мәлімдеді. Сауда 2027 жылдың наурыз айының соңына дейін біртіндеп жұмысын аяқтағалы отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
METRO Қазақстаннан неге кетеді
Бизнесті тоқтату туралы шешімді компания басшылығы Қазақстан нарығындағы ұзақмерзімді перспективаларды мұқият бағалау қорытындысы бойынша қабылдаған. Елімізде жұмыс істеп тұрған барлық 6 METRO гипермаркеті, сондай-ақ фирмалық жеткізу қызметі толық жабылады.
Компания өкілдері жергілікті ұжымның көтерме сауданы аймақ ерекшелігіне бейімдеп, тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағыттаған орасан зор күш-жігеріне қарамастан, METRO айтарлықтай қиындықтарға тап болғанын хабарлайды. Неміс компаниясы Қазақстанда бизнестің тұрақты өсуіне қажетті берік қаржылық әрі операциялық негіз құра алмаған.
Өтпелі кезең және қызметкерлер тағдыры
Халықаралық желі үшін Қазақстан нарығынан кету – оңай қадам емес. Өзінің ресми мәлімдемесінде «METRO Қазақстан» басшылығы қызметкерлеріне кәсібилігі мен адал еңбегі үшін, ал тұтынушыларына, жеткізушілеріне, іскер серіктестері мен мемлекеттік органдарға көпжылдық сенімі мен қолдауы үшін шынайы алғысын білдірді.
Компания жабылу процесі барынша ашық әрі жауапкершілікпен өтетініне сендірді. 2027 жылдың көктеміне дейін METRO бұл процесті құрметпен басқаруды қамтамасыз етуге уәде беріп отыр. Қызметкерлердің мүддесін қорғауға, тұтынушылар, серіктестер және өзге де мүдделі тараптар алдындағы міндеттемелерді орындауға ерекше назар аударылмақ.