Ғалымдар дабыл қақты: Жер шары бұрынғыдан да жылдам қызып барады
Жер шарында жаһандық жылыну үдерісі күшейіп, планетаның жылуды жинақтау қарқыны бұрынғы болжамдардан асып түсті. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) жаңа есебіне сәйкес, 2026 жыл метеорологиялық бақылау тарихындағы ең ыстық төрт жылдың қатарына енуі мүмкін, деп хабарлайды Tizgin.kz Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап.
9 қарашада Түркияның Анталья қаласында басталған БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі COP31 конференциясы қарсаңында жарияланған баяндамада Жердің энергетикалық теңгерімсіздігі рекордтық деңгейге жеткені айтылған. Мамандардың түсіндіруінше, Күннен келетін энергия мен Жерден ғарышқа таралатын энергия арасындағы айырмашылық ұлғайған. Соның салдарынан планета бұрынғыдан әлдеқайда көп жылу жинақтап жатыр.
Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым бұл құбылыс аптап ыстықтың жиілеуіне, құрғақшылықтың күшеюіне және жойқын тропикалық циклондардың көбеюіне әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Жер температурасы қауіпті шекке жақындады
Ұйымның мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Жердегі орташа температура индустрияландыруға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 1,47°C жоғары болған. Ал 2023-2026 жылдар қатарынан тіркелген ең ыстық төрт жыл болуы ықтимал.
Ғалымдар әсіресе мұхиттардың жылынуына алаңдап отыр. Өйткені парниктік газдардың әсерінен жиналған артық жылудың шамамен 90 пайызын мұхиттар сіңіреді. Болжам бойынша, 2026 жыл мұхит температурасы рекордтық деңгейге жеткен қатарынан оныншы жыл болуы мүмкін. Лондон университеттік колледжінің құрметті профессоры Билл Макгуайр жаһандық жылыну қарқыны айтарлықтай үдегенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі жылыну қарқыны он жылда шамамен 0,4°C деңгейіне жеткен. Егер бұл үрдіс сақталса, 2028 жылы жаһандық жылыну 1,5°C шегінен тұрақты түрде асып, 2030 жылдардың соңында 2°C деңгейінен де жоғарылауы мүмкін. Ғалым XXI ғасырдың соңына қарай Жер температурасы 2,6-2,8°C көтеріледі деген қолданыстағы болжамдар тым оптимистік болуы ықтимал екенін де ескертті. Жаһандық температураның көтерілуіне Тынық мұхитының экваторлық бөлігіндегі су температурасының өзгеруімен байланысты Эль-Ниньо табиғи құбылысы да әсер етіп отыр. Сарапшылар оның қазіргі кезеңі соңғы мың жылдағы ең күшті құбылыстардың бірі болуы мүмкін екенін болжайды.
БҰҰ климаттық экстремумдар дәуірі басталғанын ескертті
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш әлем климаттық экстремумдардың жаңа кезеңіне аяқ басқанын мәлімдеді. «Біз климаттық экстремумдардың жаңа дәуіріне қадам бастық. Адам әрекетінен туындаған климаттың өзгеруі салдарынан қызып кеткен планета аса қуатты Эль-Ниньо құбылысымен бетпе-бет келіп отыр. Климаттық рекордтар жаңарып, адам шығыны артып жатыр. Ал бұл жағдайға ең аз үлес қосқан адамдар оның зардабын бірінші әрі бәрінен ауыр сезінуде», – деді БҰҰ Бас хатшысы.
Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның есебінде мұздықтардың еруі мен мұхит деңгейінің көтерілуіне де ерекше назар аударылған. Бақылау нәтижелері бойынша, Дүниежүзілік мұхит деңгейі рекордтық көрсеткішке жеткен. Антарктикадағы теңіз мұзының ең жоғары жылдық ауданы бақылау тарихындағы ең төмен көрсеткіштердің бірі болса, Арктикада бұл көрсеткіш рекордтық минимумға түскен.
Сонымен қатар әлемдегі мұздықтар 400 миллиард тоннадан астам мұз массасын жоғалтқан. ДМҰ бақылау жүргізетін 19 өңірдің барлығында мұздықтардың азаюы төртінші жыл қатарынан тіркеліп отыр. Мамандар мұхиттардың жылынуы мен мұздықтардың еруінен туындайтын кейбір өзгерістердің салдары жүздеген, тіпті мыңдаған жыл бойы сақталуы мүмкін екенін ескертеді.
Айта кетейік, 9 қарашада Антальяда басталған COP31 климаттық саммитінде әлем елдерінің өкілдері парниктік газдар шығарындыларын азайту, жаһандық жылынуды тежеу және климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелерін талқылап жатыр.