FlyArystan әуе билеттеріне 20 пайыз жеңілдік жариялады
FlyArystan әуе компаниясы үш күндік жеңілдік науқанын бастады. Жолаушылар 2-4 қыркүйек аралығында әуе билеттерін 20 пайыз жеңілдікпен сатып ала алады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жеңілдікпен сатып алынған билеттер 2026 жылғы 1 қазаннан 2027 жылғы 1 наурызға дейінгі сапарларға жарамды.
Науқан FlyArystan-ның ішкі және халықаралық бағыттарының басым бөлігіне жүреді. Тек Ақтау – Дубай – Ақтау бағыты бұл тізімге кірмейді.
Дегенмен жолаушылар сұранысы күрт артатын кезеңдерге жеңілдік қарастырылмаған. Атап айтқанда, науқан 2026 жылғы 24 қазан мен 1 қараша аралығындағы, сондай-ақ 2026 жылғы 25 желтоқсаннан 2027 жылғы 5 қаңтарға дейінгі рейстерге қолданылмайды.
Жеңілдікпен билетті әуе компаниясының ресми сайты немесе FlyArystan мобильді қосымшасы арқылы сатып алуға болады.
Маңыздысы, 20 пайыздық жеңілдік билеттің тарифіне ғана жүреді. Орын таңдау, тіркелетін багаж бен борттағы тамақтану секілді қосымша қызметтер үшін жолаушы бөлек ақы төлейді.
Айта кетейік, бұл FlyArystan-ның соңғы уақыттағы алғашқы жеңілдік науқаны емес. Бұған дейін лоукостер 26–27 тамызда да екі күндік әуе билеттерін жеңілдікпен сату науқанын өткізген еді.