$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

Еуроодақ Украинаға тағы 2,9 млрд еуро бөлді

Еуропалық комиссия Ukraine Facility бағдарламасы аясында Украинаға 2,9 млрд еуро көлеміндегі кезекті қаржылық көмекті бөлді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бұл – Ukraine Facility аясындағы сегізінші төлем. Осы траншты қоса есептегенде, «Украина жоспары» бойынша Еуроодақтан бағытталған қаржы көлемі 32 млрд еуродан асады.

2,9 млрд еуро не үшін бөлінді

Еурокомиссияның мәліметінше, Украина бірқатар маңызды реформа бойынша қойылған талаптарды орындаған. Олар сот жүйесі, қаржы нарықтары, адами капитал, бизнес ортасы, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және «жасыл» экономикаға көшу бағыттарын қамтиды.

Жаңа транштың 800 млн еуросы 2026 жылы Ukraine Support Loan бағдарламасы арқылы Ukraine Facility аясында алғаш рет беріледі.

Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен бөлінген қаражат Украинаның қаржылық тұрақтылығын сақтауға және елді болашақта қалпына келтіруге қажетті инвестицияларды қолдауға бағытталатынын мәлімдеді.

«Украина Ресей агрессиясынан қорғанып қана қоймай, “Украина жоспары” аясындағы кешенді реформаларды жалғастырып келеді. Бүгінгі қаражат бөлу арқылы біз Украинаның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге көмектесіп, оның болашақтағы қалпына келуіне негіз болатын инвестицияларды қолдап отырмыз», – деді фон дер Ляйен.

Ukraine Facility қалай жұмыс істейді

Ukraine Facility – Еуроодақтың Украинаны қалпына келтіруге, экономиканы жаңғыртуға және елдің ЕО-ға мүшелік жолындағы реформаларын қолдауға арналған негізгі қаржы тетіктерінің бірі. Бағдарлама 2024–2027 жылдарды қамтиды және осы кезеңде Украинаға 50 млрд еуроға дейін грант пен несие беруді көздейді.

Алайда қаражат автоматты түрде берілмейді. Төлемдер Украинаның алдын ала белгіленген реформалар мен міндеттемелерді орындауына байланысты. Еурокомиссия бұған дейінгі транштарды да мемлекеттік қаржыны басқару, сот жүйесі, қаржы нарығы, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және басқа салалардағы реформалардың орындалуымен байланыстырған.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button