TOP-1Жаңалықтар

«Ертең айғай-шу шығарасыңдар»: министр шетелге шығатын қазақстандықтарға ескерту жасады

Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев соғыс басталғалы Таяу Шығыс елдерінен Қазақстанға қайтамын деген азаматтардың бәрі оралғанын мәлім етті. Министр сондай-ақ, араб елдерінде отандастарымыз әлі де бар екенін жоққа шығарған жоқ, деп хабарлайды Tizgin.kz.

“Сол елдерден (Таяу Шығыс елдері) шығамын деген азаматтардың бәрін шығардық. Әрине, Бірікккен араб әмірліктерінде біздің бірталай азаматтарымыз тұратынын білесіздер. Әлбетте, ертең қиындық туындаған жағдайда мемлекет көмектеседі”, – деді ол.

Ермек Көшербаевтың сөзінше, десе де сол жақта жүрген азаматтар бір мәселені түсінуі керек.

“Адамдарды шығару үшін қаншама қаражат кетеді. Ол ақша елге де керек. Сондықтан азаматтарға кетіп бара жатса айтарымыз – байқаңыздар. Ертең бір жерге түсіп қаласыңдар да, айғай-шу шығарасыңдар. Ондай болып қалса әрине, тастамаймыз – шығарамыз. Бірақ ол қиынырақ болады”, – деді Көшербаев.

Министр сонымен қатар, егер белгілі бір елде соғыс басталып кетсе, ол жаққа ұшақ ұшпаса оны шығарып алу қиынға түсетінін мәлім етті.

“Тек елшіліктің, өкілдеріміздің нұсқауларына сәйкес, бәрі орындалуы керек. Мүмкіндік болса шығарамыз. Ол жақтағы елшіліктердің тек қызметкерлері қалған. Егер ахуал нашарласа, оларды да шығарамыз. Қазір елшіліктердің бірде-бір қызметкері жұмыстан кеткен жоқ. Отбасылар елде”, – деді ол.

14 наурызда ҚР СІМ жалпы Қазақстанның 10 275 азаматы елге қайтарылған хабарлап, эвакуациялау жұмыстары аяқталғанын хабарлаған еді. Қазақстан азаматтары әртүрлі бағыт арқылы, оның ішінде әуе және құрлық жолдары арқылы қайтарылған.

Қазақстан өңірдегі дипломатиялық өкілдіктері жергілікті жерлерде шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен өзара іс-қимылды үйлестіріп, отандастармен тұрақты байланыста болып, Қазақстан азаматтарына қажетті көмек көрсеткен.

Back to top button