Елдің даму бағытын қолдау және Президентке жоғары деңгейде сенім: әлеуметтанулық зерттеу нәтижелері
Қазақстандықтардың 85,7 пайызы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенетінін білдірген. Ал сауалнамаға қатысқандардың 81,5 пайызы ел дұрыс бағытта дамып келеді деп есептейді. Бұл туралы «Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығы жүргізген әлеуметтанулық зерттеу қорытындысында айтылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Сауалнамаға 8 мың адам қатысты
Зерттеу 2026 жылғы 20 шілде мен 6 тамыз аралығында «Демократия институтының» өз қаражаты есебінен жүргізілген. Сауалнамаға еліміздің 17 облысы мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында тұратын 18 жастан асқан 8 мың адам қатысқан.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 85,7 пайызы Мемлекет басшысына сенетінін немесе көбіне сенетінін айтқан.
Президентке сенімнің ең жоғары көрсеткіші 18–29 жас аралығындағы жастар арасында тіркелген. Осы жас тобындағы сауалнамаға қатысушылардың 90,1 пайызы «сенемін» немесе «көбіне сенемін» деген жауапты таңдаған.
Жоғары білімді азаматтар арасында сенім деңгейі басым
Зерттеу қорытындысы азаматтардың білім деңгейі мен саяси сенімі арасында белгілі бір байланыс барын көрсеткен. Білім деңгейі салыстырмалы түрде төмен респонденттер арасында Президентке сенім көрсеткіші 81,8 пайызды құраса, жоғары білімі бар азаматтар арасында бұл көрсеткіш 89,7 пайызға жеткен.
Сауалнама нәтижесінде әйелдер мен ерлердің, сондай-ақ қала және ауыл тұрғындарының жауаптары арасында елеулі айырмашылық байқалмаған.
Қазақстандықтардың 81,5 пайызы елдің даму бағытын қолдайды
Зерттеуге қатысқан қазақстандықтардың 81,5 пайызы елдің қазіргі даму бағытын дұрыс немесе көбіне дұрыс деп бағалаған.
Мемлекеттік бағытты қолдаудың ең жоғары деңгейі де 18–29 жас аралығындағы азаматтар арасында анықталған. Жастардың 85,4 пайызы елдің даму бағытын оң бағалаған. Жас ұлғайған сайын бұл көрсеткіш біртіндеп төмендегенімен, 60 жастан асқан респонденттер арасында да 76,9 пайыз деңгейінде сақталған.
Жоғары білімі бар азаматтардың 86 пайызы Қазақстанның даму бағытын дұрыс деп санайтынын білдірген.
Зерттеу авторларының пікірінше, Президентке сенім мен елдің даму бағытын қолдау деңгейіне респонденттердің жасы мен білім дәрежесі көбірек ықпал еткен. Әсіресе жастар мен жоғары білімді азаматтар қоғамдық-саяси өзгерістерге оң көзқарас танытқан.
Институт мамандары мұндай нәтиже жастардың мемлекеттік институттарға сенімі мен қоғамдық-саяси үдерістерге қызығушылығы жоғары екенін көрсетуі мүмкін деп есептейді. Ал білімді азаматтар арасындағы қолдаудың басымдығын зерттеу авторлары реформалардың нәтижесін байыппен бағалауға негізделген ұстаныммен байланыстырады.