Без рубрикиҚоғам

Елдегі әр бесінші зейнеткер 30-40 мың теңгелік тосын шығынды қарызсыз өтей алмайды

Қазақстандағы зейнет жасындағы әр бесінші адамның күтпеген жерден 30–40 мың теңге қажет болып қалса, оны қарыз алмай немесе біреуден көмек сұрамай өтеуге шамасы жетпейді. Зейнеткерлердің үштен біріне жуығы бір апталық демалысты қалтасы көтермейтінін айтса, әр бесіншісінің тозған жиһазын жаңартуға мүмкіндігі жоқ. Мұндай мәліметті Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы халықтың тұрмыс сапасына арналған зерттеуіне сүйенген Ranking.kz сарапшылары келтірген, деп хабарлайды Tizgin.kz.

 Зерттеуге 61 жастан асқан әйелдер мен 63 жастан асқан ер адамдар қатысқан.

Сауалнама зейнеткерлердің басым бөлігі тұрмысын аса төмен бағаламайтынын көрсетеді. Қатысушылардың 75,8%-ы өзін орташа тұрмысы бар адамдар қатарына қосқан. Тағы 18,4%-ы жағдайын орташадан біршама жақсы деп бағаласа, 2%-ы өзін аз қамтылған санайды.

129 мың зейнеткердің құнарлы асқа ақшасы жетпейді

Күнделікті ең қажетті дүниелерге келгенде көрсеткіш біршама жоғары. Зейнеткерлердің 96,9%-ы үйін жылы ұстап, жылу ақысын төлей алатынын айтқан.

Ал 94,9%-ының кемінде екі күнде бір рет ет, балық, тауық еті немесе құнарлылығы соған пара-пар тағам жеуге шамасы жетеді. Бірақ қалған 5,1%-ының бұған қаражаты жоқ.

Бұл үлесті 1 ақпанда Қазақстанда есепте тұрған 2,538 млн зейнеткерге шақсақ, шамамен 129 мың адам шығады.

Яғни елдегі жүз мыңнан астам зейнеткер үшін екі күнде бір рет құнарлы ас ішу де қалтаға салмақ түсіруі мүмкін.

Жиһаз жаңартуға шамасы жоқ

 Зейнеткерлердің тұрмыстық жағдайын көрсететін тағы бір дерек бар. Сауалнамаға қатысқандардың 21,6%-ы ескірген жиһазын ауыстыруға ақшасы жетпейтінін айтқан.

10,1%-ының қыс пен жазға лайық екі жұп аяқкиім алуға жағдайы келмейді. Ал 3,6%-ы тозған киімі мен аяқкиімін жаңасына ауыстыра алмайды.

Демалысқа шығу мүмкіндігі бұдан да төмен. Зейнеткерлердің 30,4%-ының үйден тыс жерде бір апта демалуға шамасы жетпейді.

Тағы 11,9%-ы киноға, концертке немесе спорттық шараларға бара алмайды. 6,3%-ының тіпті айына бір рет дос-жаранымен немесе туыстарымен дастарқан басында бас қосуына қаражаты жетпейді.

Фото: ranking.kz

Зейнеткерге қанша табыс керек

Еңбек министрлігінің дерегінше, 1 ақпанда Қазақстандағы жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 157 843 теңге болған. Оның 103 931 теңгесі – ынтымақты зейнетақы, 53 912 теңгесі – базалық төлем.

Ал зейнеткерлердің өздері қалыпты тұрмысқа қажет қаражатты бұдан әлдеқайда жоғары бағалайды.

Сауалнамаға қатысқандардың 34,3%-ы отбасының әр мүшесіне айына 260–320 мың теңге түскенін қолайлы санайды. 33,8%-ына 260 мың теңгеге дейінгі табыс жеткілікті.

Тағы 14,1%-ы адам басына 320–400 мың теңге, 14,3%-ы 400–500 мың теңге қажет деп есептейді. 2,2%-ы 500–600 мың теңгені, 1,3%-ы 600 мың теңгеден жоғары табысты қолайлы көрген.

Фото: ranking.kz

Зейнеткерлер өмір салтын қалай бағалады 

Қаржылық қиындықтарға қарамастан, зейнеткерлердің жалпы өмірге берген бағасы төмен емес.

Олар өмірге қанағаттану деңгейін 10 балдың 7,5 балына бағалаған. Барлық жастағы сауалнама қатысушылары арасында бұл көрсеткіш 7,7 балл болған.

Зейнеткерлер тұрмыс жағдайы мен өмір сапасына 7,6 балл берген.

Ең үлкен айырмашылық денсаулыққа келгенде байқалады. Зейнет жасындағы адамдар өз денсаулығын орта есеппен 6,7 балға бағаласа, барлық қатысушы бойынша көрсеткіш 7,5 балға тең.

Баспана мәселесі

Зейнеткерлер үшін ең күрделі мәселелердің бірі – баспана. Өз күшімен үй сатып алу немесе қазіргі баспанасының жағдайын жақсарту мүмкіндігін олар небәрі 5,6 балға бағалаған.

Осы мәселеге көңілі толмайтындардың үлесі де өзгелерден жоғары – 18,5%.

Ал зейнеткерлер өзгелерге қарағанда бос уақытының молдығына көбірек разы. Бұл көрсеткішке олар 8 балл берген. Барлық қатысушы бойынша орташа баға – 7,5 балл.

Өміріне көңілі толмайтындар аз

Сауалнамаға қатысқан зейнеткерлердің 36,5%-ы өміріне риза екенін айтқан. 62,8%-ы ішінара қанағаттанатынын көрсеткен.

Өміріне көңілі толмайтындардың үлесі – 0,4%. Отбасының қаржылық жағдайына наразы адамдар – 0,6%, денсаулығына көңілі толмайтындар – 4,6%.

Зейнеткерлердің 10,4%-ы ауызсу сапасына, 8,1%-ы ауаның тазалығына разы емес.

Back to top button