Жаңалықтар

Экс-депутат Болатбек Нәжімеденұлы қызметке тағайындалды

Мәжілістің бұрынғы депутаты, кәсіпкер Болатбек Әлиев Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің штаттан тыс кеңесшісі болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа міндетіне қыркүйек айының соңында кіріскен және бұл жұмысты қоғамдық негізде, ешқандай жалақы алмай атқарады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Әлиев әлеуметтік желідегі жазбасында кеңесшілік қызметке не себепті келіскенін және Үкімет жұмысына қандай үлес қосуды көздейтінін түсіндірді.

«Қаржылық тәуелсіздігім пікірімді ашық айтуға мүмкіндік береді»

Болатбек Әлиев әлеуметтік желідегі парақшасында қыркүйек айының соңынан бері Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің штаттан тыс кеңесшісі қызметін атқарып жүргенін хабарлады. Ол бұл шешімді қабылдауына кәсіпкерлік, мемлекеттік басқару және заң шығару салаларында жинаған тәжірибесі себеп болғанын айтты.

«Кәсіпкер ретінде өз орнымды таптым. Алдыма қойған негізгі мақсаттарыма жеттім, жұмыс істеп тұрған бірнеше мың жұмыс орны бар кәсіпорындар құрдым. Өз еңбегіммен қалыптасқан қаржылық дербестігім бар. Бұл маған біреуге жалтақтамай, пікірімді ашық айтуға және ұстанымымды қорғауға мүмкіндік береді», – деп жазды ол.

Әлиевтің айтуынша, оның мемлекеттік қызметте, саяси басқаруда, кәсіпкерлікте және Мәжіліс депутаты ретінде жинаған тәжірибесі бар. Бұрынғы депутат өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс, өңірлерді дамыту, көлік және логистика салаларындағы мәселелермен тәжірибе жүзінде таныс екенін атап өтті. Оның пікірінше, осы салалардағы практикалық білімін мемлекеттік шешімдер қабылдау барысында пайдалану ел экономикасына пайдалы болуы мүмкін.

Серік Жұманғарин не үшін кеңесшілік қызмет ұсынған

Болатбек Әлиевтің сөзінше, ол Серік Жұманғаринмен бұрыннан таныс. Вице-премьер оның ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлік жобаларын да, депутат ретінде атқарған жұмысын да жақсы біледі. Әлиев 2024 жылы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың келісімімен Серік Жұманғарин жетекшілік еткен үкіметтік делегация құрамында Мәскеуге барғанын еске алды. Сапар барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы үкіметаралық комиссияның отырысына қатысып, отандық кәсіпкерлердің тасымал, транзит және сауда салаларындағы мәселелерін Ресей Үкіметінің басшысы алдында көтерген.

Оның айтуынша, Қазақстанның Мәскеудегі елшісі сол кезде Мәжіліс депутатының үкіметтік делегация құрамына қатысуын ерекше жағдай ретінде бағалаған.

«Кеңесші болуды ұсынғанда, Серік Мақашұлы осы тәжірибемді Үкімет жұмысына пайдалануға болатынын айтты. Мен келістім. Бұл жұмысты қоғамдық негізде атқарамын, жалақы алмаймын», – деді Болатбек Әлиев.

Осылайша, бұрынғы депутат жаңа қызметі үшін мемлекеттік бюджеттен еңбекақы алмайтынын мәлімдеді.

«Мақсат – халыққа да, кәсіпке де пайдалы шешім табу»

Болатбек Әлиев қазір мемлекеттік органдар әзірлеген ұсыныстарды зерделеп, олардың қарапайым азаматтар мен кәсіпкерлерге ықпалын бағалауға қатысып жүргенін айтты. Ол экономиканың өзіне таныс салаларындағы мамандармен ақылдасып, қажет болған жағдайда балама шешімдер ұсынатынын жеткізді.

«Қазір мемлекеттік органдардың ұсыныстарын қарап, олардың халыққа және кәсіпкерлерге қалай әсер ететіні туралы пікірімді айтып және өз сараптамаларымды ұсынудамын. Өзім білетін кәсіби салалардың чемпиондарымен келісіп, қажет жерде альтернативтік шешімді көрсетемін», – деп жазды ол.

Әлиев мемлекеттік шешімдерді әзірлегенде елдің стратегиялық мүддесімен қатар, халық пен кәсіпкерлердің жағдайы да ескерілуі керектігін атап өтті.

«Мақсат – мемлекеттің мүддесін сақтай отырып, халыққа да, кәсіпке де пайдалы жол табу», – деді бұрынғы депутат.

Оның айтуынша, шетелдік серіктестермен жұмыс тәжірибесі мен өзге мемлекеттердің заңнамасын зерделеуі де кеңесшілік қызметте көмектеседі. Әлиев көрші мемлекеттер өздерінің экономикалық мүдделерін қорғап, отандық кәсіпкерлеріне қолдау көрсетіп отырғанын айтып, Қазақстан да осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізуі қажет екенін жеткізді. Жазбасының соңында ол алдағы уақытта жинаған тәжірибесін ел игілігіне жұмсауды көздейтінін білдірді.

«Ендігі ниетім – жинаған тәжірибеммен елге пайдамды тигізу. Қазақстан өркендеп, өз еңбегімен табысқа жеткен, тұрмысы жақсы, ешкімге тәуелді емес азаматтарымыз көбейсе деймін. Үкіметтің жұмысы адамдардың осындай жетістікке жетуіне жағдай жасауы керек деп санаймын», – деп түйіндеді Болатбек Әлиев.

Айта кетейік, Болатбек Әлиев VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты болған. Ол бұған дейін мемлекеттік басқару саласында, сондай-ақ кәсіпкерлік құрылымдарда басшылық қызметтер атқарған.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button