$ 441.88 € 503.61 ₽ 5.24
Тергеу

«Екі баламен пәтерден шығуды талап етті»: Көкшетауда көз жұмған сот қызметкерінің жұбайы

Көкшетау қалалық сотының әкімшілігін басқарған 27 жастағы Аян Дүйсековтің жұбайы күйеуінің өмірінің соңғы айларында жұмыста жанжал туындап, отбасынан қызметтік пәтерді босату талап етілгенін айтты. Марқұмның жақындары лауазымды тұлғалардың әрекеті мен оның қайтыс болу мән-жайын тексеруді сұрап отыр. Ал Ақмола облысының сот әкімшілігі департаменті қысым жасалды деген айыптауларды жоққа шығарған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Сенбі күні көшіп шығыңдар деді»

Жанар Дүйсекованың айтуынша, күйеуі екі судьямен бұрыннан келіспей жүрген. Аян қайтыс болардан біраз уақыт бұрын жұмысында тексерулер басталып, үстінен шағымдар түскен. Оны бірнеше рет шақыртып, ақырында сөгіс жариялаған. Туыстары осы жағдайлар оған психологиялық қысым болуы мүмкін деп санайды.

Жұбайының сөзінше, жұмыстағы кикілжіңмен қатар қызметтік баспана мәселесі де туындаған. Отбасы бұл пәтерде небәрі жарты жыл тұрған.

«Осы жанжал кезінде бізге 12 қыркүйекке дейін пәтерді босату керегін айтты. Басқа пәтер іздедік, бірақ таба алмадық. Аян бізге тағы біраз уақыт беруді сұрамақ болды, оған бас тартты. “Сенбі күні көшіп шығыңдар, бітті” деді», – дейді Жанар Дүйсекова.

Аян Дүйсеков 1998 жылы 20 желтоқсанда Солтүстік Қазақстан облысының Лаборовка ауылында дүниеге келген. Жақындарының айтуынша, ол судья болуды армандаған.

Артында жұбайы мен бір және үш жастағы екі баласы қалды. Жанар қазір бала күтіміне байланысты демалыста.

Сот әкімшілігі қысым жасалды дегенді жоққа шығарды

Бұған дейін Ақмола облысының сот әкімшілігі департаменті Аян Дүйсековке қысым жасалды деген айыптауларды теріске шығарған. Дегенмен ведомство оған тәртіптік жаза қолданылғанын растаған. Департаменттің түсіндіруінше, жаза «еңбек тәртібін бұзуға» байланысты берілген. Ал қызметтік баспанаға қатысты ведомство «бұл мәселе көтерілген жоқ» деп мәлімдеген. Осылайша, пәтерді босату талабы жөніндегі жұбайының сөзі мен департаменттің жауабы бір-біріне қайшы келіп отыр.

Марқұмның туыстары лауазымды тұлғалардың әрекетін және оның қайтыс болу мән-жайын тексеруді сұраған. Ақмола облысының полиция департаменті тергеу жалғасып жатқанын хабарлады.

«Қазір қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді», – делінген полицияның жауабында.

Полиция істің қай бап бойынша тергеліп жатқанын хабарлаған жоқ.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Mikrafonkz | Халық даусы (@mikrafonkz)

Back to top button