«Біреудің ақшасын қабылдап, басқа есепшотқа аударып берсең болды» деген ұсынысты алғаш естігенде мүлдем қауіпсіз көрінуі мүмкін. Бірақ дәл осындай әрекет сізді интернет-алаяқтықтың бір буынына айналдырып, банк шотыңыздың бұғатталуына, келтірілген шығынды өтеуге, тіпті қылмыстық жауапкершілікке алып келуі ықтимал. Дропперлік деген не, алаяқтар адамдарды бұл схемаға қалай тартады және одан қалай сақтануға болады? Tizgin.kz бұл мақалада осы мәселенің мән-жайын түсіндіреді.
Классикалық мысал
Өмірде болған оқиға. 61 жастағы Шымкенттік әйел өзін Ұлттық Банк қызметкері ретінде таныстырған адамға алданып, көрсетілген шотқа 2 миллион теңге аударған.
Жәбірленуші сотқа жүгінгенде ақша алаяқтың емес, бөтен бір адамның банк шотына түскені анықталды. Ал ақша түскен шот иесі белгісіз адамның өтінішімен ақша қабылдап, кейін оны басқа есепшоттарға аударып жібергенін айтты.
Бірақ заң талабы қатал. Адамның ниеті мен айтқан сөзіне емес, қолындағы құжаты мен нақты әрекетіне қарап шешім қабылдайды. Бұл жағдайда да сот ақша қабылдаған шот иесін жәбірленушіге 2 миллион теңгені қайтаруға міндеттеді. Бұдан түйетініміз – аңғалдық пен қылмыстың арасы – бір-ақ қадам.
Қарапайым қисын бойынша шот иесі де алаяқтарға алданған адам болып көрінуі мүмкін. Бірақ заң тілінде мұндай «аңғалдықтың» нақты атауы бар. Ол – дропперлік іс-әрекет.
Дропперліктің жазасы қандай
Демек, интернет-алаяқтыққа атсалысу үшін міндетті түрде қылмыскер болу, схема авторын тануыңыз міндетті емес. Кейде «аздап ақша тауып алайын» деген талпынысыңыз немесе жай ғана көмектесейін деген таза ниетіңіз өзіңізді қылмыстық схеманың бір бөлігіне айналдыруы мүмкін.
Интернет алаяқтық өршіп тұрған кезде Қылмыстық кодекстің 232-бабына қосымша нормалар қосылды. Бұл нормалар дропперлердің мүлкін тәркілей отырып, 3-5 жылға дейін бас бостандығынан айырады.
Мұндайда қазақтың «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылды» дейтін мәтелі еске түседі. Бірақ мұны заң нағыз алаяқтарды емес, тек арадағы делдалдың шотын пайдаланған адамды ғана жауапқа тартады деп түсінбеу керек. Интернет алаяқтық көбіне байланыс құралдары арқылы жүзеге асырылатындықтан, негізгі қылмыскер Қазақстаннан тыс жерде әрекет етуі мүмкін. Ортада дроппердің болуы қылмыскердің ізін жасырып қана қоймай, ақшаның қайтарылуын да қиындатып жібереді. Сондықтан заңнамада дропперлікке қатысты жауапкершілік күшейтілді. Енді «ешқандай арам ойым болған жоқ», «тек көмектескім келді» деген сөздер жауапкершіліктен босатпайды.
Құқықтық статистика
Статистикаға сүйенсек, 2026 жылдың 6 айында дропперлік үшін 107 адам сотталған. Оның ішінде 64-і ер адам, 43-і әйел. Басым бөлігі – жастар. 48 адамның жасы 18-20 аралығында болса, тағы 41 адам 21-29 жас аралығында. Осылайша сотталғандардың 83 пайыздан астамы 30 жасқа толмаған. Сотталған 74 адамның тек орта білімі бар. Тағы 22 адам орта арнаулы білім алған, ал жоғары білімділер саны небәрі 8 адам.

Әлеуметтік мәртебесіне қарасақ, 107 адамның 70-і жұмыссыз, 21-і студент болған. Бұл дропперлікке көбіне тұрақты табысы жоқ азаматтардың тартылатынын көрсетеді.
Тағы бір маңызды жайт – олардың басым бөлігі бұрын сотталмаған. Тек 3 адам ғана бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Алаяқтық схема әшкереленген кезде құқық қорғау органдары ең алдымен ақша түскен шоттарды анықтайды. Қаражат сіздің картаңыз арқылы өткен болса, оның қайдан келгенін, не үшін қабылдағаныңызды және не себепті басқа адамдарға аударғаныңызды дәлелдеуге тура келеді.
Қосымша табыстың тасасында
Әдетте қылмыскерлер болашақ дропперді әлеуметтік желі, Telegram арналар, жұмыс іздеу сайттары немесе мессенджерлер арқылы іздейді. Кейде ұсыныс таныстар арқылы да жетуі мүмкін.
Олар «оңай табыс» ұсынып, ешқандай арнайы білімнің қажеті жоқ екенін айтады. Бар болғаны өз картаңызға ақша қабылдап, басқа шотқа аудару, банк картасын рәсімдеу немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелу керек.
Сенімді болу үшін бұл жұмысты заңды қызмет ретінде түсіндіреді. Мысалы, ақша «клиенттер арасындағы есеп айырысу», «логистикалық төлем», «серіктестік аударым», «банктің жаңа жүйесін сынау», «туысқанына көмектесу» немесе «компанияның уақытша шоты» деп сипаттайды. Кейде тіпті жалған келісімшарт та жолдайды.
Тапсырма орындалған соң дропперге уәде етілген сыйақы төленеді. Осылайша ол қылмыстық тізбектің бір буынына айналады.
Мұндай ұсыныстарға көбіне студенттер, жұмыссыз жастар келісіп жататынын ресми статистика да растап тұр.
Алаяқтар ақшаның ізін жасыру үшін қаражатты бірнеше адамның шоты арқылы өткізеді. Мысалы, жәбірленушіден ақша бірінші дроппердің картасына түседі. Ол қаражатты екінші дроперға жібереді, одан кейін үшінші немесе төртінші дропердің есепшоты арқылы өтіп, ақырында қолма-қол ақшаға немесе криптовалютаға айналады.
Мұндай көпсатылы схема тергеуді қиындатқанымен, жауапкершіліктен босатпайды. Ақша өткен әрбір дропер құқық қорғау органдарының назарына ілігеді.
Мұндай азаматтар антифрод жүйелерінің дерекқорына енгізіліп, банктер олардың шоттарындағы операцияларды шектеп, бұғаттауы мүмкін.
Неден сақтану керек
Мамандар бөтен адамдардың өтінішімен ақша қабылдамауға және ешқашан өз банк шотыңызды басқа адамдардың пайдалануына бермеуге кеңес береді. Тіпті өтініш таныстарыңыздың немесе туыстарыңыздың атынан жасалса да, ақпараттың рас-өтірігін міндетті түрде тексерген жөн.
Банк картасының нөмірін, жарамдылық мерзімін, CVV/CVC кодын, PIN-кодты, SMS арқылы келетін растау кодтарын ешкімге айтуға болмайды. Күмәнді сілтемелерге өтпеу, бөтен адамның айтуымен қосымша орнатпау және банк қосымшаларындағы операцияларға лимит қою да қауіпсіздікті арттырады.
Ең бастысы – «оңай ақша» туралы ұсыныстарға сын көзбен қарау керек. Бірнеше минутқа созылатын қарапайым қызмет болып көрінген әрекет кейін ұзаққа созылатын тергеуге, банк шотының бұғатталуына, келтірілген шығынды өтеуге және қылмыстық жауапкершілікке ұласуы мүмкін.
Мақала Freedom банкінің қолдауымен жазылды