Экономика

Доллар бағамы жыл аяғына дейін 540 теңгеге барады – Halyk Finance болжамы

Сарапшылар Қазақстан нарығында доллардың түсініксіз ұсынысы пайда болды деп алаңдайды. Halyk Finance сарапшылары теңгенің қазіргі нығаюын уақытша құбылыс деп бағалап отыр, деп жазады Tizgin.kz.

Олардың пайымынша, жыл аяғына қарай доллар бағамы 540 теңгеге дейін баруы мүмкін.

Сараптама авторлары Ұлттық банктің мәліметіне сүйене отырып, сәуірде теңгенің долларға шаққандағы бағамы 3,9% нығайып, 463 теңгеге жеткенін, бұл кейінгі екі жылдағы ең күшті нығаю екенін айтады.

2026 жылдың 4 айында KASE-дегі АҚШ валютасының саудасы күрт өсіп 27,9 млрд доллар сатылған. Ал 2025 жылдың алғашқы төрт айында бұдан 9,2 млрд доллар аз сатылған болатын. Соған қарамастан Ұлттық қор, алтын сатудан түскен валюта, квазимемсектор түсімі сияқты валютаның негізгі көздерінен келетін түсім көлемі өзгермеген. Halyk Finance сарапшылары осыны негізге алып нарықта «қосымша, түсініксіз» доллар ұсынысы бар деп болжайды. Ал оның ықтимал себебі ірі көлемдегі тікелей шетел инвестициялары болуы мүмкін.

«Ұлттық банк өкілдері сарапшылармен кездесуде 1 долларға 460-490 теңге аралығындағы бағам іргелі негізделген деңгей деп санайтындарын атап өтті. Алайда валюта ұсынысының қосымша көздері мен олардың тұрақтылығы туралы толық ақпараттың болмауы бағамның қалыптасу себебін, қазіргі трендтің тұрақтылығын бағалауды қиындатады. Бұл өз кезегінде макроэкономикалық көрсеткіштерге тікелей байланысты емес қысқа мерзімді бағам құбылмалылығының тәуекелдерін арттырады», – деп жазылған Halyk Finance сараптамасында.

Авторлар мамыр айында Ұлттық қордан нарыққа 400-500 млн доллар көлемінде валюта сату жоспарланғанын еске салады. Биыл Ұлттық қордан бюджетке бөлінетін трансферт көлемі алдығы жылғы 5,25 трлн теңгеден 2,77 трлн теңгеге дейін қысқартылған. Бұл мемлекет тарапынан нарыққа шығарылатын доллар көлемі біртіндеп азаятынын білдіреді.

Авторлардың ойынша, бұл болашақта теңгеге қысым түсіретін факторлардың бірі болмақ.

Сондай-ақ алтынды «айналау» механизмі арқылы валюта сату жалғасатыны айтылған.

«Ұлттық банк ішкі нарықтан алтын сатып алған кезде экономикаға артық теңге түседі. Сол массаны теңгеру үшін Ұлттық банк шетел валютасын сатып, нарыққа шығарады. 2026 жылдың екінші тоқсанында осы механизм аясында 1,1 трлн теңге көлемінде валюта сатылмақ. Алайда бұл көлем 2025 жылдың соңындағы деңгейден төмен. Яғни алдағы уақытта нарықтағы доллар ұсынысы біртіндеп азаюы мүмкін», – деп болжайды сарапшылар.

Сараптамада мұнай бағасы барреліне 85 доллардан жоғары болған жағдайда ғана теңге бағамы нығайған қалпын сақтап қала алады.

«Мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 85 доллар деңгейінде болса, 2026 жылдың соңына қарай доллар бағамы 540 теңгеге жетуі мүмкін. Бұған бірнеше себеп әсер етеді: елдегі жоғары инфляция, экспорт өсімінің баяулауы салдарынан сауда балансының нашарлауы, шетелдік инвесторлардың мемлекеттік бағалы қағаздар нарығына қызығушылығының төмендеуі және Ұлттық қордан валюта сатудың қысқаруы», – деп жазады Halyk Finance.

 

 

Back to top button