$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Оқиға

Демалыстағы полицей өрттен бес баланы құтқарып қалды

Қарағандыда еңбек демалысында жүрген полиция қызметкері өрт шыққан пәтерден бес баланы құтқарып, қайғылы оқиғаның алдын алды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Түтінге толған пәтер

Полиция мәліметінше, оқиға бүгін Қарағанды қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болған. Үйіне қайтып келе жатқан қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция полкінің аға инспекторы Дінмұхамет Сұлтан сегізінші қабаттағы пәтердің терезесінен қою түтін шығып жатқанын байқайды.

Жағдайдың аса қауіпті екенін бірден түсінген полицей еш кідірместен жоғары қабатқа көтеріліп, түтінге толған пәтерге кіреді. Іште қалып қойған бес баланы тауып, оларды қысқа уақыт ішінде қауіпсіз жерге алып шығады.

Өрттің өршуіне жол бермеген

Балалардың өміріне қауіп жоқ екеніне көз жеткізген Дінмұхамет Сұлтан өртеніп жатқан пәтерге қайта кірген. Алдымен электр қуатын ажыратып, қысқа тұйықталудың алдын алады. Кейін көмекке ұмтылған екі тұрғынмен бірге өрт сөндірушілер жеткенше асүйдегі өртті сөндіруге тырысқан.

Полицейдің жедел әрі батыл әрекетінің арқасында өрттің өршуіне және қайғылы жағдайдың болуына жол берілмеді.

Айта кетейік, бұл оқиға кезінде Дінмұхамет Сұлтан қызметте емес, еңбек демалысында болған. Соған қарамастан ол полиция қызметкеріне тән кәсібилік пен азаматтық жауапкершіліктің жоғары үлгісін көрсетті.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button