
Қазақстандық футболшы Дастан Сәтпаев Англиядағы мансабында алғашқы жеке марапатына ие болды. 18 жастағы «Бернли» шабуылшысы Чемпионшип аясындағы «Мидлсброға» қарсы кездесудің үздік ойыншысы деп танылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Пас дәлдігі — 94 пайыз
«Бернли» мен «Мидлсбро» арасындағы кездесу 1:1 есебімен аяқталды. Дастан Сәтпаев алаңда 81 минут өткізіп, қарсылас қақпасына дәл бағытталған екі соққы жасады.
Қазақстандық шабуылшы доппен жұмыс істеуде де жоғары көрсеткіш көрсетті. Оның пас беру дәлдігі 94 пайызды құрады. Кездесу қорытындысында Сәтпаев матчтың үздік ойыншысы деп танылып, Англиядағы алғашқы жеке марапатына ие болды.
Жанкүйерлер қошеметпен шығарып салды
Сәтпаевтың ойыны «Бернли» жанкүйерлерінің де ерекше ықыласына бөленді. 81-минутта қазақстандық футболшы алаңнан кетіп бара жатқанда, трибунадағы жанкүйерлер оны қошеметпен шығарып салды.
18 жастағы футболшы үшін бұл марапат Англиядағы мансабының маңызды белестерінің бірі болды. Чемпионшип секілді бәсекесі жоғары турнирде матчтың үздік ойыншысы атану қазақстандық шабуылшының жаңа ортаға бейімделіп келе жатқанын көрсетті.