Қаржы министрлігі 2014-2025 жылдар аралығындағы республикалық бюджеттің атқарылу динамикасын жариялады. Құжаттан елдегі бюджет тапшылығының қалай ушыққанын анық көруге болады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Кіріс 3,6 есе, шығын 3,9 есе өскен
Кейінгі он жылда бюджет айтарлықтай өскенімен, құрылымы мен теңгерімі нашарлаған. 2014 жылы кірістер 5,9 трлн теңге болса, 2025 жылы 21,1 трлн теңгеге жетіп, шамамен 3,6 есе артқан. Ал шығындар 6,4 трлн теңгеден 25 трлн теңгеге дейін ұлғайып, 3,9 есе көбейген. Салдарынаан бюджет тапшылығы 1,08 трлн теңгеден 4,07 трлн теңгеге дейін өсіп, шамамен 3,8 есе ұлғайған.
Кірістің негізгі көзі саналатын салық түсімдері де 10 жылда 4 есеге жуық өсіп, 3,7 трлн теңгеден 14,5 трлн теңгеге жетті. Әлеуметтік шығындар да дәл сондай қарқынмен ұлғайып, 1,4 трлн теңгеден 5,9 трлн теңгеге дейін өсті. Яғни бюджетке түскен қосымша табысты шығындар толық «жұтып» отыр.
Мемлекет кепілдік беретін борыштарға қызмет көрсету шығындары да күрт артқан. 2014 жылы бұл мақсатқа 232 млрд теңге жұмсалса, 2025 жылы ол сома 2,6 трлн теңгеге жетіп, 11 еседен астам өскен. Қазір бюджеттегі әрбір оныншы теңге қарызды өтеу мен қызмет көрсету шығындарына жұмсалады.

Қорғаныс шығындары да өскен, бірақ қарқыны салыстырмалы түрде төмен – шамамен 2,8 есе (413 млрд теңгеден 1,15 трлн теңгеге дейін).
Айта кету керек, кірістер мен шығындардың еселеп өсуіне теңгенің әлсіреуі де әсер етіп келеді.
Ұлттық банктің дерегіне сүйенсек, доллардың орташа бағамы 2014 жылы 179 теңге, 2025 жылы 522 теңге болып, шамамен 2,9 есе өскен. Алайда бюджет тапшылығы қарқыны бұдан да жылдам – 3,8 есе ұлғайған. Бұл кіріс пен шығыс арасындағы теріс айырманың валюта өзгерісінен де терең екенін көрсетеді.
Тапшылық пандемиядан бері ырық бермей келеді
Тапшылық динамикасына келсек, ең төмен көрсеткіш 2018 жылы тіркеліп, 730 млрд теңге болған. Ал ең жоғары тапшылық 2025 жылға тиесілі – 4,07 трлн теңге. Тапшылық соңғы рет 2022 жылы ғана қысқарып, одан кейінгі үш жыл қатарынан тұрақты түрде өсіп отыр.
2014-2018 жылдары тапшылық шамамен 1 трлн теңге деңгейінде құбылып тұрды. Ал 2020 жылдан бастап жағдай күрт өзгеріп, тапшылық бірден екі есеге жуық өсіп, 2,18 трлн теңгеге жеткен. Одан кейін бұл көрсеткіш жүйелі түрде ұлғайып, 2025 жылы 4 трлн теңгеден асты. Соңғы үш жылда ғана тапшылық шамамен 1,7 трлн теңгеге артқан.
Бұл тапшылық негізінен Ұлттық қор трансферттері арқылы жабылып келеді. 2025 жылы оның көлемі 5,79 трлн теңге болып, жалпы кірістің 27%-ына жеткен. Сонда бюджетке түсетін әрбір төртінші теңге Ұлттық қордан алынып отыр деген сөз.